Айтарым бар

Исатай Минуаров, әлеуметтанушы:

    Бала өз болашағына өзі жауапты. Тиісінше, мамандығын өзі таңдауы керек (бала өзіне не керегін біледі. Егер барлығы жоспар бойынша болмаса, бала ата-анасын кінәлайды). Қазір нарық соны сезген болуы керек, көптеген оқу орталығы “дұрыс мамандық таңдауға көмектесеміз” деген сервис көрсетуді бастады.

   Нарықта қандай мамандықтарға сұраныстың мол екенін анықтап алыңыз. Мамандықты таңдағанда өте ұқыпты болыңыз.

  “ЖОО-ға мектептен соң бірден түсу міндетті” деген психологиядан арылу керек. Шетелде Gap year деген ұғым бар. Gap year бір жыл болуы мүмкін, екі-үш жылға созылуы мүмкін. Бұл уақытты мектепті енді бітірген түлек өзінің не қалайтынын, жасырын потенциалын барынша анықтауға, приоритеттерді дұрыс қою жағын ойлануға пайдаланады. Есесіне, мектеп бітірген бала сол уақыт аралығында есейіп, аз да болса студенттік шақта туындайтын қиындықтарға, стреске дайын болады. Ал біздегідей балаға мектеп бітірген жылы бірден университетке түсуді міндеттеу дұрыс емес.

 

Ұстаз мәртебесін бірге көтерейік!

Бізге жазылыңыз!


Республикалық "Ұстаз мәртебесі" газетіне жазылу құны                      2019жылдың І  жартыжылдығына 

Қазпочта арқылы 6 айға - 1950 теңге (қала үшін)

6 айға - 2150 теңге (аудандар үшін)

Редакция арқылы 6 айға - 1880 теңге

Редакцияға хат

Біз туралы

Редакция құрамы

 Бас редактор – Нұрлан Нұрмахан

Жауапты хатшы –

Абай Тағыберген 

Журналистер

Айдар Сайлауов 

Жүлдызай Қалиева

Абзал Жолтерек

Нұрболат Қоймағанбетов


 Байланыс телефоны:   8(7242) 20-16-19

Электронды пошта: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Фейсбуктегі парақша аккаунты: ustaz.martebesi.kz

Email:
Тақырып:
Текст:
Сәрсенбі, 17 Қазан 2018 12:36

Шетел көру мақсат па, елде қалу жақсы ат па?

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

  Санасында сәулесі бар жастар әрбір ұлтқа керек-ақ. Сондықтан да болар, жаһанның жуан елдері интеллектуалдық элитаның жолын жалғайтын, келешектің экономикасына қызмет ететін жастарға қолдауын аямайды. Білім нарығында ақылдыларымен ала шыққан елдерді зерттеу, озық жүйесінің тәжірибесін көру бүгінде белең алды.

   Әсіресе, бұл сұрақтар қытай­лықтарды қатты ойландырса керек. Себебі алты құрлыққа аты жеткен білімділердің тәжірибесін көріп, жанына топтасу қытайлықтардың білім саясатына еніп кетті.   

   Бүгінде маңдайалды алып компанияларда Қытай жастарының тәжірибе толыстырып жүргені ақпарат құралдарында ішінара айтылып қалады. Бұл нені білдіреді?

    Қазақстан да білім бәсекесіне төтеп берудің жолдарын іздестіруде халықаралық "Болашақ" бағдар­ламасын тиімділігін түсінді. 25 жыл бұрын қабылданған шешімді саяси сарапшылардың білімдегі дұрыс саясаттың біріне бағалауы біз айтқан сол озық дүниені көріп келіп, оны қолдану идеясымен үндеседі. Міне, ширек ғасыр ішінде "Болашақ" ар­қылы талай қазақ баласы бұрын табаны тимеген Еуропаға, аузын айға білеген Америкаға, біркелкі жүйесі сақталған Батыс елдеріне білім жинап келуге аттанды.

   Сандарды сөйлетсек, бү­гінге дейін 13 мың жас "Болашақ" бағдарламасымен шетел асқан. Халықаралық "Қаржы" орталығының ресми сайтындағы бұл деректе "13 мың жастың 10 мыңы оқуын аяқтаған, қалған 3 мыңы білім қуғанды құп көрген" деген мәлімет келтіріледі. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі білім жолына түскен "Болашақтықтардың" біліміне күмән келтіргендер аз болмады. Тіпті "Болашақ" - байлардың бағдарламасы" деген де ойлар қылаң берді. Уақыт өте келе, жылдар жылнамасына ен­ген шетел көру тәжірибесіне қарапайым отбасынан шыққан, білімін дәлелдеген жастардың оқуа түсуі қоғамда ашық айтылып келген сұраққа бір жауап нұсқағандай. Алайда, "Болашақ" арқылы білім жинап, мұхит асқандар елге қайтып келмейді" деген қоғам қорқынышы әлі күнге дейін басылар емес. Осы себепті біз шетел көрген жастардың ойы арқылы "Болашақтың" айналысында қалып қойған сыңаржақ пікір­лерді ой таразысына салып көруді жөн көрдік.

    Алдымен, статистика. 25 жылда "Болашақпен" оқыған 13 мың түлектің 5 мыңы - магистр, 3 мыңы - бакалавр, 300-ден астамы - PhD доктор және аспиранттар, интерндер. Бұдан бөлек 1800-і іс-тәжірибеден өтіп келгендер. Мұхит асқандардың тең жартысына жуығы экономика саласында, 20 пайызға жуығы білім мен ғылым маңына топтасса, 7 пайызы денсаулық сақтау бағытына бар­ған. Мемлекекттік қызметте де білім түйістіріп жүргендері аз емес.

   25 жыл уақыт ішінде "Болашақ" талабы жыл сайын өз­гер­ді. Бакалавр мамандығын оқы­ту алынып тасталды. Себебі мектептен кейін сырт елге кеткен жастардың беймәлім ортада бейімделе алмауы бірқатар жастардың Қазақс­тан­ға қайтып келуіне себеп болған-ды. Содан бері бағдарлама тек магистратура, резидентура, докторантура, тағылымдама секіл­ді білім дәрежелерін меңгеріп шы­ғуға жағдай жасады. Тілдік білімнің де талабы күшейді. Бі­рақ, біздің айтпағымыз бұл емес. Әр жылдарда бітіріп келген мамандардың көзқарасы, шетелдің білім дәрежесін елге әкелу мақсаты қай деңгейде орындалып жатыр деген сұ­рақ­қа жауап іздеу. Бір қуантарлы­ғы, "Болашақ" арқылы білім алып, елге қайтқандардың ішін­­де ғылыми ізденісімен жаңалық ашқаны. Бір ғана мысал. АҚШ-та докторантураны бi­тiрген, қазiр Назарбаев Уни­верситетiнде ғылыми қызметкер болып жұмыс iстейтiн Дамира Қанаева қатерлi iсiк пен туберкулез диагнозын бастап­қы кезеңде дәл анықтауға мүм­к­iндiк беретiн оптикалық биосенсор ойлап тапқан. Бұл әдiс­пен ауру бiрнеше сағатта анықталады. Ал, Германияның уни­верситеттiк клиникасында бiлiм алып, ординатурасында оқы­ған балалар кардиохирургi Дмитрий Горбунов жүрек ақа­уы бар балаларға 2 мыңнан астам күрделi ота жасаған. Ғы­лым мен медицинадағы жағдай бұл.

   Қоғамда "Болашақ" арқылы кеткен қазақтардың көбісі сырт­та қалып қояды", "Елге кел­геннен кейін оларға жұмыс табыла қоймайды", "Болашақ көзқарасты өзгертіп, өз салаңды дамытуға соны серпін, өзгеше ойларға жетелейді" деген сауалдарға сырт елдің суығына тоңып, ыстығына күйген, білім жарысының бел ортасында жүрген азаматтардың пікірлері арқылы жауап табуға тырыстық. Пікірлер сан қилы.

Жанболат МЕЛДЕШОВ,

Халықаралық қаржы орталығының директоры:

   - Біз бүгінгі заманға прагматикалық көзқарас тұрғысынан қарауға тиіспіз. Бұл жерде эмоция емес, нақты есептеулерге жүгінген дұрыс. Менің ойымша, шетелдік жоғары оқу орнының түлегін бірден елге қайтарып алу дұрыс емес. Түлек Дү­ниежүзілік банкте немесе Google-де жұмыс істеу үшін қалса, бұнда тұрған не бар?

   Қытайға қараңызшы, оларда шетелде білім алуға мүм­кіндік беретін көптеген бағдарламалар бар, бірақ Қытай олардың қайтып келуін талап етпейді. Соның нәтижесінде кез-келген ірі корпорацияда, әлем­нің кез-келген зертханасында қытайлықтар бар. Бұның Қы­тайға пайдасы бар ма? Әрине, бар.

   Жалпы, мен кез келген тыйымға қарсымын. Қазақстанға шет елдерде жұмыс істейтін қа­зақтармен қарым-қатынас жасауды үйрену керек. Сондай-ақ, олардың қызметін үнемі бақылап, байланыста болу және қиын жағдайларда көмектесу - маңызды.

Бағдат Мусин,

BelnTech технологиялық компаниясының басшысы:

    - Шетелде жұмыс істегісі келетін болашақтықтарға рұқсат беру керек. Бірақ, бұл процесс біздің елшіліктермен тығыз қа­рым-қатынаста жүруі тиіс. Егер бағдарлама түлегі жоғары технологиялық компанияда жұ­мыс істесе, оны Қазақстанда 5 жыл жұмыс істеуге міндеттеп қою жарамайды.

    "Әлемнің үздік оқу орнында 4-5 жыл оқып келген зияткер ұрпақ Қазақстанға келіп, өз мүмкіндіктерін толық пайдалана алмайтын мемлекеттік мекемеге жұмысқа тұрады. Оларды жіберу керек, шетелде жұмыс істеп, Қазақстанға идея немесе еншілес қор құра алады. Сонда ғана "Болашақ" түлектері өзге қазақстандықтарға үлгі боларлықтай нәтиже көрсетеді.

Жанар РАҚЫМҒАЛИЕВА,

"Болашақ" бағдарламасының түлегі:

    - Елге келгенде маған қиын болды. Дайын тұрған жұмыс та, баспана да болған жоқ. Кейде "Болашақпен" оқытты, бірақ біз мемлекетке керек маманбыз ба?" деген сұрақ мазалайды. Өйткені, "Болашақпен" оқып келген қаншама жастар елде жұмыссыз жүр. Мемлекет қанша ақша салды ғой, олар неге жұмыссыз жүру керек? Мен де бастапқыда мемлекет­тік қызметте істегім келді. Мем­­лекеттік қызметке орналасу үшін құжат тапсырғанда, "болашақтықтарды" бірден резервке алады. Онда түрлі заң нормалары мен этикеттен тест тапсырасың. Мысалы, "жем­қорлық жасасаң, мынадай баппен жауап бересің?" деген сияқ­ты дүниелерді жаттап бару керек. Меніңше, "Болашақпен" оқығандарға мұндай емтихандардың керегі де жоқ. Өйт­кені, шетелге барғанда ненің не екенін көрді, білді, санасын өзгертіп келді. Олар шетелдің жақсы дүниесін елге келіп, жүзеге асыру керек қой. Неге сол бұрынғы жүйеге қайта келіп түсуі керек? Қазір күн сайын мемлекеттік қызметте іс­теген адамдардың парамен ұсталғанын естиміз. Солардың орнына автоматты түрде бір "болашақтықты" жіберсін. Сонда жаңаша ойлайтын жастар жаңаша жұмыс бастар еді".

 

Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ,

"Болашақ" бағдарламасының түлегі:

    - Оқу бітіріп келген "Болашақтықтарда" алғашқы 3-4 айда дағдарыс болады. Мәдени шок. Ол - қоғамдағы дөрекі қарым-қатынас, айналаңды сыйламау, күл-қоқыс тастау. Оны көбінен байқадым. Және көптеген оқып келген азаматтарда "мені неге бағаламайды?" деген сауал туады. Сөйтіп шамамен алты айдан соң қайтадан Қазақстан қоғамына бір­тіндеп бейімделіп кетеді. Көп­шілігі осы уақыт ішінде Батыс­та көр­ген еркіндікті, сыйластықты, мәдениетті көре алмаған соң, не жеке өз ісін бастайды, не жеке секторға кетіп қа­лады. Сондай-ақ, бағдарлама шартына сәйкес, төрт-бес жыл­ғы мін­детті жұмыс істеу шартын бітір­ген соң, қайтадан шетелге кетем деп жүр­гендер қаншама. Бұл проблема. Оларды елде қалдыру үшін тек патриотизмге үміт арту жет­кілік­­­сіз. Ол үшін сол Батыстағыдай Қазақстанда да еркін азаматтық қоғам құрып, адам еңбегі, маман бағаланатын, табысы жоғары орта, жүйе қалыптастыру керек.

    "Болашақ" бағдарламасынан бөлек өз қаражатымен не өзге де бағдарламалармен шетелде оқып жатқан, оқып келген жастарымыз өте көп. Олардың саны "Болашақтықтардан" бірнеше есе көп. Міне, сол азаматтар және "Болашақпен" оқығандар өздерімен бірге мәдениетті, өзге де құндылықтарды, жаңа көзқарастарды алып келіп, біздің қоғамды бірте-бірте өзгертеді, өсіреді деп үміттенемін.

 

Сымбат МОЛДАБЕКОВА,

"Болашақ" бағдарламасының түлегі:

    - Қазақстан деген Отаным бар екенін мақтан етемін. Елім­ді қатты сағындым. Мына жақ­қа енді үйрене бастадым. Еліміз­дегі қаржы мәселесін шешуге үлесімді қосқым келеді. Шетелде білім алып, өз елінің өркендеуіне үлес қосып жүрген замандастарымды сыйлаймын. Біздің арамызда "Елге ораласың ба?" деген мәселе жиі талқыланады. Сол сұраққа келгенде тосылып қалатындарды түсін­беймін. Өз­ге елден алып келген білімің­нің пайдасын өз еліңде көрсету - перзенттік парыз.

    Ел ішінде "Болашақпен" кеткендерді қоғамнан бөле-жара қарайтындары да табылады. Әсіресе, әлеуметтік желіде оймақтай ойлар жетіп артылады. Мұндайда желіде отырған азаматтардың пікірі екіге жарылады. Екінші тарап "шетел көріп келген мамандардың ойлары қоғамға керек, себебі олар келешектің интеллектуалдық элитасын құрайды" деген нық ойлар айтылады. Соның бірі Бауыржан Серікбаев жақында былай деп жазыпты:

   - "Болашақ" бағдарламасымен 25 жылда 13 мыңға жуық жастар оқып келді. Дәл қазір экономикалық дағдарыс ал­қымнан қысқанда осы жастардың ойын тыңдау, идеяларын қоғамның естуі маңыздырақ. Олардың потенциалын қазір көрмегенде қашан көреміз?

    Мохатхир Мохаммад 25 жылда Малайзияны аяғынан тұрғызды. Біз тәуелсіздіктің 30 жылына жақындадық. "Болашақ" түлектерінің алды қырық беске келді. Бұлардың идеясы мен мүмкіндігі бұл жаста кө­рінбегенде, қазіргі элитада жүр­ген шалдардың жасына келгенде көріне ме?

    Рас, айтылған ой мен істің байланысы болуы керек. Желі белсендісі шығар тетікті де ұсыныпты.

     - 13 мың Болашакердің іші­нен мықты деген технократтар­ға Астанадағы ЭКСПО қалашығынан кеңсе беріп, бар жағдайын жасап, 1 жылда елді тығырықтан алып шығар нау-хау идея, жаңашыл технология жасап шығаруды тапсырар едім. Басқаның бәрі бос әңгіме. Бүгінгі элита 30 жылда жасай алмаған дүниелерін әне-міне енді жасап қалады дегенге сенген азаматтар болса саяси пропогандамен миы уланғандар. Қазіргі элитаның билікте отырған әрбір күні Қазақстан үшін "құр жоғалтқан уақыт пен қолдан кеткен мүмкіндіктер" тізі­мінен тұрмақ,-дейді Бауыржан Серікбаев.

    Шындығында, "Болашақ" бағдарламасы хақында осыған дейін түрлі мақалалар мен сұх­баттар жарыққа шықты. Өзге елде көңілі бар, өз елінде білімі бар жастардың шетел асып, бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланған азаматтар да ашық ойларын ортаға салып жүр. Мұндай ой-пікірлер "Болашақ" бағдарламасының арнайы сауалнамасына былайша жауап қайырған.

     "Елге қайтып келгенде мені оқытуға жұмсалған қаржыны есептеп көрдім. Францияда оқу тегін, бірақ өмір сүруі мен тамағыма 30-50 АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсалды. Өз алдыма 10 жыл ішінде осы ақ­шаны елге әртүрлі ғылыми, инженерлік гранттар арқылы қайтарамын деген мақсат қойдым. Оқу біткеннен кейін 10 жыл көлемінде Қазақстанға 500 мың АҚШ доллары көлемінде ин­вес­тиция тарттым. Аз уақыттан соң көрсеткіш 4-5 млн. АҚШ дол­лар мөлшерін құрайды. Менің ойымша, барлығы осылай істеуі керек".

      Түйін. Шетелге шығу - бір бөлек. Білім алу - бір бөлек. "Болашақпен" білім алып келген жас­тардан өзге, өз қаржысына не сырт елдің білім гранттарына қол жеткізгендері қаншама. Мақсат - білім жүйесіне терең еніп, сырт елдің білім саясатын зерттеп, озығын елге әкелу. Жырақта жүрген жастарды ойландыратын да осы мәселе. Бірақ елге қайта оралған білімді азаматтардың елдегі жемқорлық, басқарудың әділетсіздігі сынды елге таныс факторлар өз жерінен емес, өзге елден бақыт табуына түрткі салып отыр. Бұл біздерді ойландыруы керек.

Абай ТАҒЫБЕРГЕН

Оқылды: 843 рет

Сайт бойынша іздеу

Сауалнама

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Серіктестер

 

Бұлтты

2°C

Қызылорда

Бұлтты

Құрғақ 93%

Жел 1.61 km/h

  • 5 Нбр 2015

    AM Fog/PM Clouds 6°C 0°C

  • 6 Нбр 2015

    AM Clouds/PM Sun 7°C 3°C