Айтарым бар

Исатай Минуаров, әлеуметтанушы:

    Бала өз болашағына өзі жауапты. Тиісінше, мамандығын өзі таңдауы керек (бала өзіне не керегін біледі. Егер барлығы жоспар бойынша болмаса, бала ата-анасын кінәлайды). Қазір нарық соны сезген болуы керек, көптеген оқу орталығы “дұрыс мамандық таңдауға көмектесеміз” деген сервис көрсетуді бастады.

   Нарықта қандай мамандықтарға сұраныстың мол екенін анықтап алыңыз. Мамандықты таңдағанда өте ұқыпты болыңыз.

  “ЖОО-ға мектептен соң бірден түсу міндетті” деген психологиядан арылу керек. Шетелде Gap year деген ұғым бар. Gap year бір жыл болуы мүмкін, екі-үш жылға созылуы мүмкін. Бұл уақытты мектепті енді бітірген түлек өзінің не қалайтынын, жасырын потенциалын барынша анықтауға, приоритеттерді дұрыс қою жағын ойлануға пайдаланады. Есесіне, мектеп бітірген бала сол уақыт аралығында есейіп, аз да болса студенттік шақта туындайтын қиындықтарға, стреске дайын болады. Ал біздегідей балаға мектеп бітірген жылы бірден университетке түсуді міндеттеу дұрыс емес.

 

Ұстаз мәртебесін бірге көтерейік!

Бізге жазылыңыз!


Республикалық "Ұстаз мәртебесі" газетіне жазылу құны                      2019жылдың І  жартыжылдығына 

Қазпочта арқылы 6 айға - 1950 теңге (қала үшін)

6 айға - 2150 теңге (аудандар үшін)

Редакция арқылы 6 айға - 1880 теңге

Редакцияға хат

Біз туралы

Редакция құрамы

 Бас редактор – Нұрлан Нұрмахан

Жауапты хатшы –

Абай Тағыберген 

Журналистер

Айдар Сайлауов 

Жүлдызай Қалиева

Абзал Жолтерек

Нұрболат Қоймағанбетов


 Байланыс телефоны:   8(7242) 20-16-19

Электронды пошта: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Фейсбуктегі парақша аккаунты: ustaz.martebesi.kz

Email:
Тақырып:
Текст:
Бейсенбі, 08 Қараша 2018 05:09

«ҚОЛЫНА ҚАШАУ МЕН БАЛҒА ҰСТАМАҒАН БАЛАДАН ЖҰМЫСШЫ МАМАНЫ ШЫҚПАЙДЫ»

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

  

   "Кәсіптік сала қыз балаға қол емес" деген біржақты пікір осы салада маман даярлап, жұмысшы мамандығының машақатына берілген жандарға қарата айтылмаған сынды. 30 жылын кәсіптік салаға, оның ішінде дәнекерлеуші мамандығына арнаған, маман даярлау ісінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Ниякүл Нәбиқызының жұмысшы мамандығына қатысты өз айтары бар. Ұстаз бүгіннің престиж мамандығынан бас тартып, сұраныстан түспейтін кәсіптік сала иелеріне бағыт-бағдар беруде жүйенің дұрыстығы қажет деген қағиданы ұстайды.

   - Ниякүл Нәбиқызы, дәнекерлеуші мамандығы кез келген қыз­дың жүрегі дауаламайтын сала. Сіз бұл мамандыққа кімнің ықпалымен түстіңіз?

    - Мені ешкім жетелеп осы салаға апарған жоқ. Бала кезден қа­лыптасқан ер мінезділігімнен шы­ғар, осы дәнекерлеуші (сварщик) маманы болуды жаныма жақын деп таныдым. Бастапқыда әкем қарсылық танытқанын жасырмаймын. Менің бағытымның дұ­рыс екеніне көзі жеткесін келі­сі­мін берді. Мен кәсіптік салаға 1979 жылы келгенмін. Мектеп оқып жүргенде Бақытбек Садықұлы деген ағамыз мамандыққа кәсіби бағдар жасап, мені қызықтыра кетті. Сөйтіп оны 3 жыл оқы­ғаннан кейін жолдамамен Қарағанды индустриалды педагогикалық техникумын "Пісіру өндірі­сінің технологиясы" мамандығында білім алдым. Өндірістік оқыту шебері, техник-технолог біліктілігін алып, 1986 жылы Қызылордаға келіп, осы коллежде қызметке кірістім. Еңбек жолымды арнаулы пән оқытушысы ретінде бастап, бүгінде тәрбие бағытында тер төгіп, директордың орынбасары қызметін атқарып жүрмін. Әрине, мен тәртіпке жете мән беремін. Себебі нақты жұ­мысшы маманын даярлау тек құр теорияны айтып, кешке дейін уақыт өткізіп қайтуды көтермейді. Өзім білім алған кезде ұстаздарымыз теориядан гөрі практикаға жақын болуды талап етті. Көзбен көріп, қолмен ұстап, құрал-жабдықтарды көргеннен кейін баладан осыны талап етемін. Соның арқасында болар дәнекерлеуші-пісіруші мамандары "Ниякүл апайдың" шәкірттеріміз деп үнемі айтып жүретін көрінеді. Тіпті маған еліктеп, колледжге сварщик боламын деген қыздар да келген.

     - Сол қыздар дәнекерлеуші маманы болуға нақты бекінді ме?

    - Кәсіптік сала болғаннан ке­йін баланы қызықтыру үшін мектептерге насихат, түрлі іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастыратынбыз. Сол басқосулардың бірінде қаладағы №4 орта мектепте оқи­тын бір қыз "мен дәнекерлеуші ма­маны боламын" деп колледжге келді. Ол кезде бір мамандыққа қазіргідей 25 бала емес, 35-40 бала қабылданады. Кәсіптік саланың құрылымы да кең. Қыз балаларға арналған бухгалтер, оператор ЭВМ, тігінші, аспазшы мамандықтары көп болса да, Ғазиза есімді қыз пісіруші маманы боламын деп тұрып алды. Сөйтіп мамандыққа түскен 35 ер бала және бір қызды оқыттық. Сол Ғазизам 2013 жылы Елбасының қабылдауында болып, дәнекерлеуші қыз бала ретінде шақырту алып, құр­мет көрді. Одан кейін бұл ақпаратты естіген Бейсен Құранбек "Айтуға оңай" бағдарламасына шақырып, "Нәзіктік пен мықтылық" тақырыбына бізді кейіпкер етіп алды. Қазір сол Ғазизам "ТеңізШевройл" компаниясында қызмет етуде. Сол кездегі жалын мен үміт оты бүгінде шәкірттерімнің биік белеске көтерілуіне жол ашты. Жақында ғана бір оқушым республикалық "Жастар жаққан жұлдыз" көркемсөз оқу сайысында жүлдегер атанды.

    - Ниякүл апай, қазір бұрынғыдай емес, кәсіптік салаға деген көзқарас өзгерді. 9-сыныптан кейінгі жұмысшы маманы атанатын балаға мемлекеттік қолдау деңгейін қалай бағалайсыз? Нарыққа қажетті мамандарды қалай даярлап жатырмыз?

  - Мен үнемі жастарға және олардың ата-аналарына тегін кә­сіптік білім алудың тиімділігін айтып келемін. Қараңызшы, Елбасы "2011-2021 жылдарға арналған Нәти­желі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасын жасап берді. 15-29 жас аралығында білімі жоқ не жұмыс істеуге мамандығы сай емес жастардың тегін жұмысшы мамандығында білім алуына жағдай жасады. Оқушыларға тегін оқу, оқу үлгеріміне байланысы жоқ шәкіртақы, ыстық тамақпен қамту үлкен қамқорлық деп ойлаймын. Біз Кеңес үкіметі тұсында мұндай мүмкін­дікті көрген жоқпыз. Сондықтан ата-ана, жастар осыны түсінсе екен деймін.

   Бізде мамандық таңдауда проб­лема көп. Дамыған мемлекеттерде 80 пайыз жұмысшы маман, 20 пайыз интеллигент өкілдерін құ­райды. Ал, бізде керісінше емес пе? Сонда жұмысты кім істейді? Рас, құры­лыс­тың көбісінде өзбектер жүр. Құбыр жөндеу, дәнекерлеу, құрылыс, ағаш шебері өзіміз­ден болса сырттан маман тартып әуре болмаймыз ғой. Бірақ, осы екі араны кейде түсінбей, гуманитарлық бағытқа кететін жастар көп. Сұра­ныс­тың бәрі жұмысшы мамандығында.

  - Сұранысқа сай маман даярлауда аяқтан тартатын проблемалар бар ма? Тәжірибеңізге сүйеніп, нендей мәселені мінберге шығарар едіңіз?

   - Біз мектеп емеспіз. Бала нақты маман болу үшін келеді. Құрылысшы болғысы келе ме, кірпіш қа­лап, жоба сыза білуі керек. Дәнекерлеуші бола ма, өндірістің қазанында қайнауы керек, ағаш шебері болуға талпынғысы келетіндер шеге қағып, ағаш жонып үйренуі керек. Қолына қашау мен балға ұстамаған баладан жұмысшы маманы шықпайды. Осыны түсінуі­міз керек. Біздер қазіргі басымдықты теориядан гөрі практикаға аударуымыз қажет. Қазір айтылып жүрген дуалды оқыту жүйесі негізінде бұрыннан бар тәжірибе. Біздің "Құрылыс" колледжі базасы жанында "Трест Кызылорда строй" деген өндіріс орнымыз болатын. Өндірістік цехтарымыз бен жұмыс алаңдарымыз бар еді. Бәрі жекешелендіру уақытында жекенің қолына өтіп кетті. Міне, сол уақыттарда маманды өзіміз оқытып, өзіміз жұмыспен қамтитынбыз. Қазір қайта қолға алынып, дуалды оқыту системасы ретінде жүйеге енді.

   Мен мына мәселені баса айт­қым келеді. Бұрындары Кәсіптік білім басқармасы болатын. Кәсіп­тік сала тек педагогика емес, ол құрылыс пен инженерлікті қажет ететін сала. Кейіннен құрылымдық жағынан Білім басқармасына біріктіріп жіберді. Біздің оқу жүктемеміз орта мектеп стандартына сай келмейді. Біз нақты маман даярлау үшін қызмет етеміз. Сондықтан да меніңше, бізге қайтадан Кәсіптік және техникалық басқарманы құру керек.

    - Біз осы тақырып төңірегінде өткен жылы арнайы сараптама жүргізгенде жауапты сала мамандары "Кәсіптік білім беру" туралы арнайы заң қабылданады дегенді алға тартқан еді. Алайда, заң әлі жазылмады. Кәсіптік салаға арнайылап заң қабылданса тағы қандай тетіктерді енгізу керек?

    - Кәсіптік салада оқып жүрген мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Олардың жүріп-тұруы, білім алуы арнайы мектеп-интернаттағыдай жолға қойылмаған. Мәселен, біздің колледж­де 31 мүмкіндігі шектеулі бала білім алуда. Жақында "Кәсіп­қор" холдингі мамандандырының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде мүмкіндігі шектеулі балаларға "Инклюзивті білім беруді дамыту" тақырыбындағы семинарға қатысып келдім. Сол семинарда инклюзивті жағдайда білім алатын балалардың проблемасын айт­тым. Білесіз бе, кәсіптік және техникалық колледждерде Қызылорда, Ақтау, Атырау облыстарында инклюзивті оқыту мәселесі толық шешілмеген. Осыны салаға жауапты мамандар ескерсе екен деген ұсынысым бар.

    Тағы бір мына мәселеге ой қоссам деп едім. Жасырып жабатыны жоқ, қазір бірқатар оқу ордаларында нарық талабы ескерілмей, қайталама мамандар оқытылып жатыр. Сұра­ныс­тың болмауынан жұмыссыздықтың саны да артып барады. Сондықтан елге керек құрылысшы мамандарын оқытуға ерекше ден қою керек. Сырттан маман әкелуге мәжбүр болған уақытта, қаланың құрылыс алаңына айналған шағында құрылысшы мамандарын көптеп оқыту тиімді. Әрине, оқудың сапасы мен нәтижесі білім ордасын басқаратын басшыға тікелей қатысты. Бұл тұрғыда колледж директоры Орынбай Жантөре­ұлының құрылыс мамандарын даярлауға деген жанашырлығын айрықша атар едім. Әрбір жұмысшы маманның қалыптасуына күш-жігер беруінің өзі салаға деген қолдау деп білер едім.

    - Жанайқайынызды айтып отырсыз. Қазіргі жас кадрлардың бойында сіз секілді салаға жанашырлық қасиет бар ма?

    - Аға буын ұрпақтар азайып барады. Орнымызды жастар басып жатыр. Дегенмен, мамандықты жүрегімен қалап, балаға барын салып түсіретін мамандар қатары азайып бара жатқан секілді. Кәсіптік салада білім алып шыққан 20 баланың 5-уі нақты мықты маман болса, ең­бегіміздің ақталғаны деп білемін. Әрине, маман даярлаумен қатар оқу­лық шығаруда да айтарымыз бар. Колледж осы уақытқа дейін 12 кітап шығарды. Менің авторлығыммен шыққандары бар. Кәсіптік сала ізденіс пен шыдамдылықты талап етеді. Осы еңбегімізді елегендіктен шығар марапаттан кенде емеспін. Өткен жылы "Еңбек жолы" облыстық байқауында "Үздік тәлімгер" номинациясының жеңімпазы атандым. Жақында ғана Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасына қол жеткіздім. Меніңше, жақсы маман болу адамның қажыр қайраты мен табандылығымен келеді.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Абай ТАҒЫБЕРГЕН

 

Оқылды: 279 рет

Сайт бойынша іздеу

Сауалнама

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Серіктестер

 

Бұлтты

2°C

Қызылорда

Бұлтты

Құрғақ 93%

Жел 1.61 km/h

  • 5 Нбр 2015

    AM Fog/PM Clouds 6°C 0°C

  • 6 Нбр 2015

    AM Clouds/PM Sun 7°C 3°C