Газеттің ПДФ нұсқасы

Ұстаз мәртебесін бірге көтерейік!

Бізге жазылыңыз!


Республикалық "Ұстаз мәртебесі" газетіне жазылу құны

Қазпочта арқылы 6 айға - 1680 теңге(қала үшін)

6 айға - 1800 теңге (аудандар үшін)

Редакция арқылы 6 айға - 1560 теңге

Редакцияға хат

Email:
Тақырып:
Текст:
Сәрсенбі, 20 Қыркүйек 2017 05:58

«МҰҒАЛІМНІҢ БАЛАҒА БЕРЕТІН БІЛІМІ БІР ҒАНА ОҚУЛЫҚ АЯСЫНДА БОЛМАУЫ КЕРЕК»

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(4 дауыс)

   Өз ісінен шабыт алатын адамдар болады. Алда кездескен қиындықтарға бой бермей, тек ізденіс жолына түсіп, өз еңбегінің жемісін жеуге асығатын жандар аз емес. Біз сөз еткелі отырған кейіпкерді  сұхбат алаңына шақырудың өз себебі бар еді. Қызмет баспалдағын ұстаздықтан бастап, бүгінде ұстаздарға дәріс беріп, тәжірибесімен бөлісіп жүрген "Өрлеу" БАҰО" АҚ Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты, деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері Жанар Рзабекқызының білім саласындағы ұстанымын ұстаздар көптен бері айтып келеді. Балаға білім берудің жолын үйретіп, тиімді әдіс-тәсілдерді ұсынып жүрген білікті маманмен сұхбат құрудың орайы келді. Мұғалімдерді оқыту міндетімен жүрген ұстаздың бүгінгі педагогика саласында өз айтары бар. Екеуара әңгімеде ұстаз білімі мен білігі, мұғалімнің ішкі мәселелері мен жаңа формат барысы сөз етілді.

   - Жанар Рзабекқызы, білім саласының жүрек соғысын бір кісідей білетін мамансыз. Алғаш­қы сауалды бүгінгі күннің білім саяса­тынан бастасақ. Білім беру мазмұ­нын жаңартудың негізгі өзегі неде деп ойлайсыз?

   - Білім саласындағы басты мақсат - әлемдік білім беру кеңіс­тігіне лайықталған және қоғам қажеттіліктеріне сай көп деңгейлі үздіксіз білім берудің ұлттық үлгісін қалыптастыру. Себебі, ғаламдану күннен-күнге өсіп келе жатқан халықаралық бәсекелестік, қоғамда болып жатқан өзгеріс­тердің ауқымы мен қарқынының өсуі білім беру саласының басты факторына айналуына себеп болды. Білім­дінің заманы туды. Мұны ке­зінде ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: "Білім - біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы",- деп ба­ғаласа, халық даналығы "Қыран түлегіне қайрылмас қанат сыйлайды, ұстаз түлегіне алға бастар талап сый­лайды",-деп бекер айтпаған. Сон­дықтан білімді игерудің жол­дарына жету үшін еңбек ете беруіміз керек.

  - Білімді алға жылжытатын, сіз айтқан ойды жүзеге асыратын ұстаздар ғой. Жаңа тұрпаттағы білім мазмұнына жауап бере алатын мұғалім қандай болуы керек?

   - Қай қоғамда да "істің тетігін маман шешеді" деген қағида негізінде шындық бар. Дәл қазір Дейл Карнегидің сөзі есіме түсіп отыр. "Жеке басым қаймақ қосыл­ған бүлдіргенді жақсы көремін, алайда, неге екені белгісіз, балық құрттарды жақсы көреді. Сондық­тан да, балық аулауға бара жатқанда өзімнің жақсы көретінімді емес, балықтың жақсы көретінін алып барамын". Яғни, мұғалім сабақ беретін сыныбындағы әр оқушы­ның қажеттіліктерін, білім игеру деңгейлерін, мүмкіндіктерін ескер­уі қажет. Қажет болса, ұстаз оқушымен оқушы бола білуі тиіс. Демек, бұл мұғалімнің пәндік, әдістемелік, теориялық, әдісна­малық білімдері мен біліктілігіне байланысты. Мұғалім қанша жерден білімді болып, өзі меңгер­ген пәнді толық білсе де, оның әдісі дұрыс болмаса, бала білімді қабылдай алмайды. Сабақты өмірмен байланыстыру керек. Мұғалімнен гөрі бала өз бетінше тақырыпты отырып талқыласа тиімділігін береді. Мұны біз "құрдастар тілі" деп атаймыз. Мұғалім оқушының тілінде жеткізуге тырысуы мүмкін. Бірақ оқушының тілін оқушы тез ұғады. Жаңаша оқыту жүйесінің мәні осында. Білім беру пира­мида­сында мынадай деп айты­лады. Балаға түсіндірілген сабақ­тың бала тек 10 пайызын, ал көрсетіп берген сабақтың 30 пайызын, ал бала берілген тақы­рыпты сабақта талқыласа, 50 пайызын меңгереді. Егер бала баланы оқытып, мұғалімнің рөліне өзі енсе, 90 пайыз білімді ала алады. Мұны ғалымдар дәлелдеп кеткен. Яғни, мұғалім мен оқушы арасында кері байла­ныс қажет.

   - Жанар ханым, сөзіңізде кері байланысты қозғадыңыз. Қа­лай ойлайсыз, кері байла­ныс­тың мұғалім үшін маңызы қандай?

   - Біз тыңдаушыларға курс­тан кейінгі қолдау көрсету мақсатында үздіксіз кері байланыс жүргіземіз. Алын­ған ақпараттың көмегімен тың­даушының жеке жетістіктерін және дәріс барысында алған білімдерін қолдану бі­ліктілігін бақылауға, білім бе­ру үдерісін диагностикалауға, нәтижелерін бағалауға болады. Мұғалім өз әрекеттерін, оқы­ту әдістемесін және сабақ ба­рысында оқушыларға қолданатын тапсырмаларды түзе­ту­ге мүмкіндік алады. Екінші жа­ғынан, мұғалім оқушының сабақ барысындағы іс-әрекетін, оқушының топтағы бел­сенділігін немесе пайдаланыл­ған жаңа оқыту формасының тиімділігі қаншалықты болғанын бағалай алады.

   - Бір пәнді оқытатын мұ­ға­­лім біреу болса да, оқушылардың білім игеру деңгейлері мен құзыреттіліктері әртүрлі ғой. Мұны қалай түсінуге болады?

    - Әр оқушының мұға­лім­ді тү­сінуі мен тақырыпты қа­былдауы әртүрлі екені рас, сол себепті жетістіктері де бір­дей емес. Оқу қиындық туғызғанда оқушының білімге деген құштарлығы азаяды, оқығысы келмеу тілегі туындайды, яғни мотивациясы тө­мендейді. Осы орайда оқу­шы­ның ынтасын арт­тыратын жаңартылған бағдарламада бағалау жүйесі өзгерісті қажет етеді. Яғни, критериалды бағалау жүйесі. Кез келген мұ­ғалім "неліктен оқытуды және оқуды жетілдіру проблемаларын шешуді маңызды мәселесіне айналып отыр" деген сұ­рақ қоюы мүмкін, онысы орын­­­ды да. Бағалау оқыту мен оқудың ажырамас бөлігі болуы мүмкін деген ой біздің түсінігімізде едәуір өзгерісті талап етті. Сонымен қатар мұ­ғалімнің қазіргі таңдағы құра­лы - сұрақ қою. Сұрақты мардымды, мазмұнды, ашық түр­де қоя білсе, оқушыдан қажет­ті ақпаратты ала алады. Сұрау белгісінің өзі балықшының қар­мағына ұқсайды ғой. Со­ның басындағы жемтігін дұ­рыс сала білсе, үлкен олжаға кенеледі.

   - Сонда оқушының оқу мо­тивациясын анықтау диагностикасын қалай жүргізуге болады?

  - Оны әр оқушының же­ке оқуға деген қабілеттілігін ескере отырып жүргізген жөн. Оқушының оқу мотивациясын анықтау не үшін қажет? Әр оқушының оқуда табысты бол­уына қолдау көрсету, оқу­шы­ның тапсырманы орындаудағы ынтасын арттыру, жеке оқушының қажеттілігін ескеру. Бұл қашанда маңызды. Жаңартыл­ған білім беру мазмұны оқушылардың нені бі­летіндігін және нені істей алатындығын, сондай-ақ қандай қиындықтармен кездесу мүм­кін екендігін анықтау қажет. Мәліметтерді интер­пре­та­ция­­лау негізінде бағалауды игеру деңгейіне, тапсырманы орындау шамасына бақылау жүргізіп, әр бағалау крите­рий­леріне түсіндірмелер жасап, қорытынды шығару аса маңызды.

   - Жанар ханым, жаңа маз­мұн демекші, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқы­ту жайы ел ішінде түрлі пі­кір­лер қалдыруда. Тіпті бұл жү­йеге көшу үшін кемінде 10-20 жыл уақыт керек деген де ойлар айтылып жүр. Қазір министрлік мұғалімдерді ағылшын тілінде деңгейлік курс­тарда оқы­тып жатыр. Дегенмен, мұ­ға­лімдер арасында ішкі қорқыныш бар сияқты...

   - Қай кезде де жаңа дү­ние­ге күмәнмен қарайтындар кез­деседі. Ол барлық салада бар дүние. Жаңа жүйеге көз жет­кізбей жатып пікір айтуға асықпау керек. Барынша көз жет­­кізу қажет. Мұғалімнің қор­қыны­шын сейілтуге болады. Ең бірін­ші, ұстаным дұ­рыс болуы шарт. Се­німі болған жағдайда мұға­лімнің өз жұ­мысына көзқарасы оң болады. Көзқарас  оң болған жерде дұрыс шешім болады. Ал, ше­шім дұрыс қабылданса, ол жақ­сы іс-әрекетке апарады. Мұғалімнің балаға беретін білімі бір ғана оқулық аясында болмауы керек. Мысалы, мен биология пәнінен "Су" де­ген тақырыпты өтетін болсам, биолог маман ретінде су­дың физикалық, химиялық қа­сиеттерін де білуім керек. Де­мек, сабақтас пәндерді де то­лық меңгеріп шығуым тиіс. Сон­да ғана бала білімді то­лық­қанды қажетіне қарай жарата алады. Біздің көпшілі­гі­міз­дің жаңа жүйе деп қараған бағ­дарламаның мазмұны, стан­­дарты сақталып тұр. Тек сол материалдың берілу формасы өзгеріп отыр. Ол әр мұғалімде әртүрлі болуы мүмкін. Білім беру мазмұнының өзгеруі деген осы. Шын мәнісінде ата-анаға да, оқушыға да дұрыс деңгейде бағыттайтын маман болса, қорқынышты азайтуға болады. Тағы бір айтарым, мұ­ға­лімнің біліктілігі оған дәріс беріп, оқытатын маманға да қа­тысты. Бұл ретте өзімнің әріп­тестеріммен мақтана алам. Қысқа, ұзақ мерзімді курс­тарды оқытудың жыл сайын әдіс­намасы өзгеріп келеді. Білік­тілікті арттыру институты мұға­лімдерді тезірек оқы­тып, оның санын көбейтуді мақсат тұтпайды, оның сапа­сы­на мән береді. Мынаны ескеру керек. Педагогикалық тәжірибесі мол, пәні бойынша теориялық білімі жеткі­лікті, ағылшын тілін еркін мең­герген мұғалімнің тренерлік қызметті атқаруда ересектерді оқыту әдістемесі туралы қажетті білімі мен білігі болуы аса маңызды. Сонымен қатар, сол маманның физика, математика, биология, химия пәндерінің мұғалімдерін оқы­туда аталмыш пәндердің ерекшеліктерін, ұғымдардың пән­а­ралық интеграция негіздерін білуі шарт. Себебі ол жалпы педагогиканы меңгерген. Ал, оқушыны оқыту мен мұғалімді оқыту екеуі екі бөлек дүние. Өйткені, ересектерді оқыту немесе андрогогика өз алдына үлкен бір ғылым болып саналады.. Біз сол андрогогика не­гіздерін меңгеріп шыққан мамандармыз. Яғни, ересектермен жұмыс жүргізудің жолын білеміз. Осы мәселені назарда ұстау керек.

   - Қорқыныш неліктен болады? Жай мектептердің мұға­лімін қалай даярлау керек?

   - Білесіз бе, мұғалімнің әрі қарайғы білімін тек білік­ті­лік арт­тыру курстарымен өл­шемеу керек.  Мектепке келген жас маман дайын емес, жас­тар ұстаз болуға лайықты емес деп айғай саламыз. Ал­ған білімнің нәтижелілігін дамыту мектептің басшылығына да байланысты. Бұрындары әр мектепте директордың тек бір немесе екі ғана орынбасары болатын. Барлық жұмыс сол кісілерге жүктелетін. Қазір олай емес. Әр бағыты бо­йынша мектеп директорла­ры­ның бірнеше орынбасарлары қызмет етеді. Неге қа­зіргі мектеп директорларының орынбасарлары мұғалімге не керектігін анықтамайды, яғни кері байланыс жоқ деген сөз. Жылдың ая­ғын­да педагогикалық ке­ңес­­ке дейін әр мұғаліммен жеке-дара сөйлесіп, нендей мәселе толғандыратынын сұ­рау қиын емес. Мұғалімдердің әдістемелік-теориялық білімін көтеру қажет. Бұдан шығатын қорытынды, мектептерде әр мұға­лім­нің даму траекториясы жа­салмайды. Мұғалімнің ішкі жанайқайын тындама­йынша, ешбір басшы көмек бере алмайды. Тапсырманы он жерден бергенмен, ол мұ­ғалім өзіне қажеттісін кө­ре алмаса, нәтиже болмайды. Мұғалімдерге қатысы аз жиналыстар мен кон­церт­терге апарып, отырғызып қойғанша, басшылар мектепте шығармашыл ортаны қалыптастырса, жетіс­тікке жақындай түсеміз. Әри­не, оған да жағдай жаса­л­уы керек. Жағдай деге­ні­міз тек қаржыға тіреліп тұр­ған жоқ. Техникалық базаны үйіп-төгіп әкелу емес, ұстазға мүмкіндік беру, қолдау көрсету.

   - Сонда бұл мектептерде кадрмен жұмыс жүргізіл­мейді дегенге келе ме?

   - Біліктілігін арттыруға жі­берілетін мұғалімдерді талап деңгейіне қарай бағыттау керек. Жасыратыны жоқ, қазір­де кадрмен жұмыс жүргізу жағы ақсап тұр. Өзім де ауылда мұғалімдік қызметтен өттім. Сондықтан өз ішкі мәселемізді жақсырақ түсінеміз. Мұғалімдер білімдегі үш баспалдақты ескеруі қажет деп санаймын. Алғашқысы - өзін-өзі жетілдіру. Неге екені белгісіз, дәл осы өзін-өзі дамыту дегенге көңіл қоя алмай келеміз. Екіншісі - тә­жірибе алмасу. Үшіншісі - жинақтал­ған білімді практикалық тұрғыда пайдалану. Білімнің тек өзіне қа­жет екенін түсінген жағдайда мұғалім ісі алға басады. Әрине, барша мұғалімдерге кінә таға алмаймын. Ізденіске ынта қойған әріптестерімнің бар екені рас. Алайда мұндай мұғалімдер­дің саны көңіл көншіт­пей­ді. Бұл мәселенің басты себебі мектептегі кадрмен жұмыстың әлсіз­дігінде. Мек­тепке келген әрбір балаға қажеттілігі мен қабілетіне қарай білім беруге болады. Мұны толыққанды жү­зеге асыру шебер  ұстаздың ғана қолынан келеді.

   - Біліктілік деңгейінен шы­ғады. Бір қатар мұғалімдер оқу курсын тек қағаз алып қайтып, жұмыс орнын сақтап қалуға тырысатын көрінеді. Бұл нені білдіреді? Мұғалім өзіне сенбей ме, әлде талап тек оқумен шектеле ме?

   - Алысқа бармай-ақ, өз тәжірибемнен айта аламын. Оқыту курстарынан өткен мұғалімдерді үш топқа бө­ліп қарастыруға болады. Бі­рін­шісі - білімді алды, әрі қа­рай қолданбайды. Екіншісі - алған білімді шамасы жеткенше сабаққа қолданады. Үшін­шісі - қолданады, нәтижесін бе­­реді. Бес саусақ бірдей емес. Біз оқытқан айлық курс­тары­мызды аяқсыз қалмасын деп кері байланысты енгіздік. Бұрын олай болмайтын. Кері байланысты дамыту үшін мұ­ға­лімдер базасын жасадық, мұ­ғалімдерге арнап онлайн негізінде желілік коғамдастық құрдық. Кері байланысты қағаз жүзінде емес, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс ре­тінде қарау керек. Осы күн­ге дейін бізде тек тура байланыс болған ғой. Мақсат менен кетті, сертификат алды деп емес, курс­тан өткен мұғалім­дер­мен кейін де байланыс орнатып келеміз. Нәтиже бар, әлі күнге дейін курс­тан өткен ұс­таздар хабарласып, рахметін айтып жатады.

 - Қаншама ұстаздардың кө­ңілі ауып, ықылас білдіріп, сізге оң көзқарас танытуының сыры табандылығыңызда ма? Өзіңізді қалай бағалайсыз?

   - Шынымды айтсам, өз жұ­мы­сымнан ләззат аламын. Жұмысқа келуге асығамын. Ешкімге жоқ деген әңгіме айт­қым келмейді. Біреулер орда бұзар жастан асып, қамал алатын шаққа келгенде өз-өзіне есеп беріп, өткенді өлшеп жатады. Мен күнделікті өзіме-өзім есеп беремін. Мәселе айлық жалақының көлемінде емес. Әр адам нанын адал жеуі керек. Кейінгі менің әріптес­терім, артымнан ерген, кіш­кене де болса қамқорлығымды көрген жандар мені өмір­лік ұстазым деп санаса төбем көкке жетер еді. Өмірдің мәні де осында емес пе?

   - Көмек іздеп келгендерді кері қайтармаймын дедіңіз. Бұл мамандыққа деген адалдық па?

   - Адалдық ата-анамның тәрбиесімен келген шығар. Аз­ды-көпті тәжірибемнен қа­рап отырып, әлі де білімімді же­тілдіргім келеді. Жоғары оқу орнында неміс тілін меңгердім. Қазір заман талабы ағылшын тілін қалап тұр. Демек, мұны да меңгеру керек деп, жазғы демалысымды тиім­ді пайдаланып, ағылшын тілін меңгерудемін. Мұғалімдерді ағылшын тілінде оқыту үшін ең әуелі өзімнен баста­уым керек. Сол себепті күнде­лікті жұмысымнан тыс тіл бі­луге ден қойып келемін. Ойда жүрген дүниелер көп. Шалғайда жатқан елді мекендерді аралап шыққым келеді. Әдіс­темелік көмекке мұқтаж мектептерге барып көмек бергім келіп тұрады. Оған мүмкін­ді­гім болмай жатыр. Себебі уа­қыт тапшы. Мұғалімге қолдау көр­сетіп, сенім білдірсе, әр­бір мұғалім қандай да бір сапалы нәтиже шығарады.

   - Әдетте, мықты маман­дар­ға сұраныс болады. Мансап қуып, жоғары қызметтерге шақыртулар болған екен, бас тартыпсыз...

   - Мен ең әуелі - мұға­ліммін. Ауылдағы мектепте ұстаздық етіп, кейін білімімді жалғастырып, тәжірибе жинадым. "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығына келгеніме де биыл тоғыз жыл толады. Әрине, қызметке шақырулар алдым. Бірақ мен қызметке қызықпайды екенмін. Өз жұмысымнан шабыт алып, мұғалімдерге көмек беріп жүрсем көңілім марқаяды. Қазақта "туын желбіресін десең,  желге қарсы жүр" деген тәмсіл бар ғой. Ескі сүрлеумен жүре берсек жүре береміз. Тасада тұрған ту ешқашан көрінбейді. Сондықтан өз-өзімізді әрдайым қамшылап жүргеннің артықтығы жоқ.

   - Ашық әңгімеңізге рахмет. Ісіңізге береке берсін!

Сұхбаттасқан

Абай ТАҒЫБЕРГЕН

 

Біздің анықтама

    Жубауова Жанар Рзабекқызы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданында 1972 жылы 6 шілдеде дүниеге келген. 1989 жылы орта мек­тепті үздік бітіріп, Орал педагогикалық институты, жараты­лыс­тану-география факультеті химия-биология бөлімінің студенті атан­ды.  Еңбек жолын Маңғыстау облысы №2 мектептің химия пәні мұға­лімі, 1998-2003 жылдары Шиелі ауданы, №41 мектептің химия пәні мұға­лімі, мектеп директорының орынбасары, 2008-2009 жылдары Қызыл­орда қаласы, №173 мектептің химия пәні мұғалімі, 2009-2012 жылдары Қызылорда облыстық білім беру қызметкерлерінің білік­тілігін арттыру және қайта даярлау институты, кафедра оқытушысы, 2012 жылдан бері "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы" АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызмет­кер­лердің біліктілігін арттыру институты, деңгейлік бағдарламалар орта­лығының тренері қызметін атқарып келеді.

  Жанар Рзабекқызы ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамо­тасы, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының "Үміт пен сенім" номинациясының игері.  Авторлық бағдарламалар бай­қауының жүлдегері. Сонымен қатар "Үздік мектеп директорының орынбасары-2005" байқауы, "Ең үздік дәріскер-2011" атанған. Шығармашылық жетістіктері де аз емес.


Оқылды: 1950 рет

Сайт бойынша іздеу

Сауалнама

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Серіктестер