Газеттің ПДФ нұсқасы

Ұстаз мәртебесін бірге көтерейік!

Бізге жазылыңыз!


Республикалық "Ұстаз мәртебесі" газетіне жазылу құны

Қазпочта арқылы 6 айға - 1680 теңге(қала үшін)

6 айға - 1800 теңге (аудандар үшін)

Редакция арқылы 6 айға - 1560 теңге

Редакцияға хат

Email:
Тақырып:
Текст:
Бейсенбі, 05 Қазан 2017 09:54

Жас ұстаздар жасампаздық жолында

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

   Кез келген мекеме еңбек өтілі ұзақ, көп­теген жерде жұмыс жасап жүрген бі-лікті маманды өзіне қызметкер ретінде қа­былдағысы келеді. Жас маманның жұ­мыс табуда ақсайтын тұсы да осы. Тап­қанның өзінде де мектеп ішіндегі жү­йе мен білім беру үрдісін жас маман бірден игеріп кете қоймайды. Жол сіл­тей­­тін, жөн көрсетіп, бағыт беретін көр­гені көп, көргендіктен де, көрегендіктен де сөз сөйлейтін ұстаздар бірен-саран. Білгенін үйретуге ерініп, керек кеңесті көрсетуге келіспей кежегесі кері тар­татындар да жоқ емес. Алайда, балаға бі­лім беруге немқұрайлы қарамайтын мек­теп ұжымдары өз білген тағылымдарын кейінгіге үйретіп бағуға тырысады.

    Осы ой тұрғысынан келгенде өзге­лер­ге үлгі боларлықтай іс жасап жүрген мектептер де жетерлік. Солардың бірі Арал қаласындағы №262 мектеп-гимназиясы. Аталмыш мектепте Гүлжайна Есенбаеваның игі іске ұйытқы болуымен "Келешекке нық қадаммен" атты дөң­гелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелдің діттеген дүниесі жас мамандардың дүниетанымын кеңейтіп, мұға­лім мамандығының қыр-сырын бүге-ші­гесіне дейін таныстырып беру. Сонымен қатар жеткен жетістіктер талқыланып, оған жету жолындағы жұмыстар жү­­йелі түрде өзгелерге үлгі боларлықтай ай­тылып өтілді. Ұлағатты ұстаздар жиналған айтулы шара мектеп әлуетінің ал­дағы уақытта ілгері қадам басуы үшін, же­тістікке жетуде жас мамандардың үлес салмағы басым болуы мақсатында қолға алынған.

    "Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұс­таздардың қолында" деп, Елбасы сөзін басшылыққа алып басталған шара ұстаздарға рухани демеу әрі көмек десек те болады. Ұстаздар мерекесіне тұспа-тұс ке­ліп, ұлағатты ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жандар өз қабілеттерінің биіктен бой көрсеткенін қалайды. Сондықтан да сапалы білім беріп, саналы өскіндерің игілігіне қалтқысыз қызмет етпек.

   Шара барысында жас мамандардың психологиялық ахуалын қалыптастыру үшін мектеп-гимназия психологы Айнұр Тәжі­бае­ва тренинг жүргізді. Оқушы алдындағы ұс­­таз болмысының қандай болу керек екенін көрсеткен тренинг көптің көңілінен шыға білді. Содан соң мектеп-гимназияның бе­йіндік жөніндегі орынбасары Жанар Құрманалиева сабақ-жоспарының жасалынуы мен құрылымы туралы айтып өтті. №262 мек­теп-гимназияның тәрбие жөнін­дегі орын­басары Ажар Жұмаева да жастар қа­уымына ой салатын, үлгі боларлық өнегелі сөздерді оқып берді. Кезең-кезеңге бөлініп, баяндамалар оқыған әр саланың майталмандары өздерінің ақыл-кеңестерін жас мамандардан аяған жоқ. Бейнеролик түрінде де қысқа метражды фильмдер көрсетіліп, қазақ киносында маңдайы жарқырап тұр­ған туынды "Менің атым Қожа" фильмінен үзінді көрсетілді. Ұстаз бен оқушының байланысын айшықты көрсеткен кино үзін­дісіне ұстаздар талдау жасап, өз пікірлерін айтып өтті. Мектеп-гимназияның бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары Айнагүл Нұрекешова қорытынды сөз сөйлеп, ұстаздар қызметіне толағай табыстар тіледі.

    "Мағжан Жұмабаев жырлағандай, біздің де жастарға артар сеніміміз мол. Сенім бар жерді үміт бар, үміт бар жерде өмір бар. Сондықтан да әрқашан сенімге лайықты боламыз. Сол себепті заман талабы білімдегі жаңа жаңалықтардан тысқары қалмай заман көшіне ілесу мақсатында берілген қы­рық минутты қалай өткізем деп емес, балаға не бере алам деп келетін жас мамандарға көмек қолын созуға әрқанашда әзір­міз",- дейді ұйымдастырушы тәлімгерлер.

    Білім бәсекесінде аудан мектептері арасында көш басында тұрған мектепте бұдан өзге де тәлім-тәрбиелік шаралар жиі өтіп тұрады. Жоғары санатты ұстаздардан ақыл-кеңес алып, пікір алмасқан жас тәлім алушылар ұстаздарына дән риза. Алдағы уақыттарда осы секілді шаралар жалғасын тапса екен дейді. Ендеше келешектің баспалдағына қадамын нық басқан ұстаздар қауы­мы­на сәттілік тілейміз.

Айдар САЙЛАУОВ

Оқылды: 50 рет

Сайт бойынша іздеу

Сауалнама

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Серіктестер