Газеттің ПДФ нұсқасы

Ұстаз мәртебесін бірге көтерейік!

Бізге жазылыңыз!


Республикалық "Ұстаз мәртебесі" газетіне жазылу құны

Қазпочта арқылы 6 айға - 1680 теңге(қала үшін)

6 айға - 1800 теңге (аудандар үшін)

Редакция арқылы 6 айға - 1560 теңге

Редакцияға хат

Email:
Тақырып:
Текст:
Бейсенбі, 05 Қазан 2017 10:33

Мерейлі мереке мұғалімдердің мерейін асырды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

         Ұстаз туралы айтқанда ең әуелі жауапкершілік жүгі таразы басына шығады. Білімге жарық шашып, ұрпаққа өнеге берер ұстаздардың ұлағатты ісі қашанда елеулі. Мәртебелі мамандықтың қадірін түсініп, ұлағатын сезініп жүрген ұстаздар жайлы қалай айт­сақ та жарасады. Білмекке бой алдырған оқушыларды білім бәйгесінде бабын келтіріп, ілім үйретуге күш-жігерін сарқа жұм­сайтын ұстаздар қауымының еңбегі адал, ісі құр­метті. Елеулі еңбектің ескерер кезі қашан да келеді. Жүгі батпандай қызметте нанын адалынан тауып жүрген мұғалімдер қауы­мының төл мерекесі де келіп жетті. Бала біліміне бағдаршам бола білген ұстаздардың мерейлі мерекесі ерекше сән-салтанатымен әспеттелді. Мұғалім мәртебесін көтеру, ұстаз беделін арттыру жолында ізгі қадам, құрмет өлшемі мұғалімдердің мерейін тасытатыны анық. Биыл төл мерекені тойлау ерте басталып кетті. Ұлағатты мамандық иелерінің мерекесінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев бірқатар ұстаздарды же­ке қабылдап, құрмет көрсетті. Білім саласының даму динамикасын даралап, айтары бар мұға­лім­дердің тілегіне құлақ ас­ты. Мұнан соң аймақ басшысы аймақ ұстаздарына арналған салтанатты жиында мұғалімдерді А.Тоқмағанбетов атындағы мәде­ниет үйінде жиды. Шараға облыс мектептерінің директорлары мен ұстаздары, сала ардагерлері мен жас ұстаздар шақырылды.

    Мерекелік көңіл-күйдің жылы лебі салтанат сарайына кірген сәт­тен бастап сезілді. Жүздерінен қуаныш ескен оқу­шылар мерекеге шақырылған ұстаздарға алқызыл гүл ұсынып, ерекше құрметпен күтіп алды. Облыс ұстаздарының басын қосқан мерекелік шара аймақ басшысының құттықтауымен ұласты. Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы білім саласына ерекше екпін түсіріп, Сыр білімінің даму жолында ұстаздар еңбегін атап өтті. Білімдегі басты белестің бірін мақтанышпен жет­кізді.

     - Мектеп - жас ұрпақтың нәр алатын бастауы болса, мұғалім тәуелсіздік­ке тірек болар сол бастаудың басты тұл­ғасы. Бүгінгідей зымыраған уақыт кө­ші­не ілесу кез келген ортада бәсекеге қа­­білетті болу, білім мен ғылым жетіс­тік­­терін меңгермей мүмкін емес. Рухани өресі биік, ұлттық құндылықтарды ұлықтай білетін азамат тәрбиелеу ұстаздардың қолында. Сыр ұстаздарының қа­жырлы еңбегі арқылы білім саласы оң нәтижелер көрсетіп келеді.

          Маған "Сыр еліндегі қандай үлкен же­­тістікпен мақтанар едіңіз" деп сұрақ қойса, түлектер көрсеткішін айтқан болар едім. Биыл мектеп түлектерінің 97 пайызы жоғары және арнаулы оу орындарына түсті. Әлбетте, бұл көрсеткішке аймақ ұстаздарының қажырлы еңбегі ар­қылы қол жеткізіп отырмыз. Қазіргі мұ­ғалім информатор, бақылаушы қызметін тастап, керісінше, педагогикалық құралдардың барлық түрін меңгеріп, зерттеуші болуы тиіс. Біздің мақсатымыз - әлемдік өркениетке ілесу,-деді Қырымбек Елеуұлы.

    "Ұстаз - ұлылардың ұлысы" тақырыбында өткен салтанатты шарада еңбегі­мен көзге түсіп, тәжірибесімен таныл­ған ұстаздар Ы.Алтынсарин төсбелгісі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, "Еңбек ардагері", ҚР Білім және ғы­лым министрлігінің Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

   Расында, бұрын білім саласында жыр болып келген үш ауысымды мектептер мәселесін жоюдың тиімді тетігі табылып, жаңа білім ошақтары бой кө­теріп, аталған мәселеге нүкте қойылды. Сонымен қатар аудан, қала ішіндегі апат­тық жағдайдағы мектептердің жағдайына көңіл бөлініп, бюджеттен қаржы қа­ралып, жағдайды оңалтудың жолдары жүр­гізілді. Қызылорда облыстық білім бас­қар­масының басшысы Бақытжан Сайлыбаев білім саласындағы ірі мәселе саналып келген проблемалар реті­мен шешім та­уып жатқанын айтқан еді тамыз жиынында.

    Ұрпақ біліміне жауапты ұстаздар қа­уы­мының қоғамда орны бөлек. Салмақты міндетті мойнына алған мұғалімдердің ең­бегі шәкірттің шыққан биігімен өлшенеді. Сыр ұстаздарына арналған мерекелік бас­қосуда оқушылар ұстаздарға ән шашу сый­лап, шәкірт ретіндегі алғыстарын ән­мен жеткізді.

   Аймақ басшысының құттықтауынан кейін қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та бі­лім саласы қызметкерлерінің кәсіби мере­кесіне арналған дәстүрлі құттықтауын жет­кізді. Мұғалім мәртебесін асқақтатып, құрметке бөленген күні қала әкімі ұстаздар еңбегінің қоғамдағы орнын, білімдегі үлесін айрықша атады.

   - Қазақылықтың қайнары, Алаштың ана­сы атанған аймақтың бас қаласы Қы­зылорда - кешегі Алаш қайраткерлері мен ұлт зиялыларының басын қосқан киелі мекен. Қазақ тарихындағы талай бастамалар мен тың жаңалықтардың қасиетті ордасы. Біз осы абыройлы жолдан жаңылмай, алдағы уақытта да ел мүддесі үшін қыз­мет етер, өзге аймақтарға ұлттық болмысы және қазақылығымен үлгі боларлықтай ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Бұл жол­­да ұстаздар қауымының еңбегі ерен. Се­бебі бүгінгі шәкірт - ертеңгі ел болаша­ғы. Болашақты тәрбиелеу бүгіннен баста­лады десек, шәкірт жүрегінде қайырымдылықты, сезімнің нәзіктігі мен сұлулығын ояту, ішкі жан дүниені басқара білуге үйрету, социумға табысты сіңісіп кетуіне көмектесу - мұғалмінің міндеті.

    Ұстаз ұғымын ұлықтап, қадірі мен қа­сиетін құрметтеу - баршаға парыз. Ал, олар­дың жағдайын жасап, жақсылығын асыру - міндет,-деді Нұрлыбек Нәлібаев.

   Ақжарқын тілегін жеткізген қала басшысы Нұрлыбек Машбекұлы білім саласының дамуына үлес қосқан, бүгінде шә­кір­тімен биікті бағындырған үздік 10 мұғалімге 100 000 теңге сыйақыны табыстады. Айтуға тиіспіз, қала билігі өткен тамыз жиынында да еңбегімен танылған 10 мұғалімге 100 000 теңге қаржылай сый­ақы табыстаған болатын. Демек, дәстүрге жал­ғасқан құрмет төл мерекеде де кө­рініс тапты.

  Құрметке бөленген мұғалімдерді білім са­ласында қолтаңбасы бар ҚР Парламен­ті Сенатының депутаты Мұрат Мұхамедов пен Назарбаев зияткерлік универси­те­тінің департамент директоры Жаңыл Жонтаева Астанадан видеожазба арқылы ұстаздарды мерекесімен құттықтады.

    Қалалық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйы­мы ұйымдастырған думанды шарада өңірге белгілі өнер жұлдыздары Күлән Қа­лымбетова мен Мақсат Мақұлбеков әуез­ді әндері арқылы көпшілікке мерекелік кеш сыйлады.

   Бұл күні білім саласында қол жеткізген табыстары мол ардагер ұстаздар да на­зар­дан тыс қалмады. Алдыңғы буын ұс­таздарға гүл шоқтары табысталып, бір­қа­тар ардагер педагогтарының есімдері аталды.

   Кәсіби мерекеде ұстаз бен шәкірт ара­сындағы дәнекерлікті дуэт арқылы жет­кізген мұғалім мен оқушы көпші­лік­тің қошеметіне бөленді. Бұған қоса рес­пуб­ликалық, облыстық спорт жарыстарында топ жарған оқушылар ұстаздарына құрмет көрсетіп, ән шырқады.

   Жалпы ұстаздар күні өз деңгейінде ай­шықталып өтті. Мұнан бөлек, Сыр ұс­таздары Қызылорда облысының білім бас­қармасы, қалалық білім бөлімі мен кә­сіподақ ұйымдарының алғыс хаттары және бағалы сыйлықтарына ие болды.

   Мақаланы жазу барысында тағы бір жаңалықты естідік. Жыл сайын таға­йын­далатын республикалық "Үздік педагог" атағына Қызылорда облысынан Қ.Мұ­хамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Сауле Алденова жә­не №144 С.Әлжіков атындағы орта мек­тебінің мұғалімі Сағатбек Қарапаев лайық деп танылыпты.

   Тақырыпқа тұздық болсын, аймақта жалпы білім беретін мектептерде 20 409 мұғалім қызмет етеді. Оның 92 па­йы­зы жоғары білімді, ал, 46,3 пайызы бі­­рінші және жоғары санатты педагогтар. Мұғалім мамандығын жан қалауымен таңдаған абыройлы маман иелеріне бағытталған ағылшын ағартушысының мына бір тәмсілі көмейге тығылып тұр. "Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұға­лім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ал ұлы мұғалім шабыттандырады".

   Білім - өркениетке апаратын жол де­сек, сол адамзат дамуын даралайтын өр­кениетке өрнек салатын ұстаздар төл мерекеде төрге шықты. Біз де мерейлі сәтті пайдалана отырып, шәкірт тәрбие­леу­дегі шексіз еңбектеріңізге жеміс, шы­ғармашылықтарыңызға табыс тілейміз.

Абай ТАҒЫБЕРГЕН

Фото Бағдат Есжанов


Лебіздер легі

Аманғали Есімов, №3 мектеп-лицейінің оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Мерейлі мерекеде аймақ басшысының қабылдауына шақырылдым. Педагогтардың басқосуында Қырымбек Елеуұлы ұстаздардың қоғамдағы орны туралы, ақпараттық ғасырдағы ұстаздың рөлі, білім мен ғылымды дамытудың жолдары жайында ойларын тыңдадық. Ұстаз ретінде саланы дамытуға бағытталған жұмыстарды көріп келемін. Сыр елінің білімі көштен қалмай, керісінше үздіктер қатарынан көрініп, білім бәйгесінде өз орнымыздың бар екенін дәлелдеп келеміз. Ұстаздардың төл мерекесінде қуанышқа кенеліп, бір-біріміздің жетістігімізге марқайып жатырмыз. Ұстазын қадірлеген халықпыз. Сондықтан шәкірт тәрбиелеудің жолына түскен әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын.

 



Күлзада Садықова, №5 мектеп-лицейі директорының ғылыми-әдістеме жөніндегі орынбасары, география пәнінің мұғалімі:

-  Ұстаз ретінде марапат төрінен көрініп жатқаныма қуаныштымын. Бүгінде білім саласындағы оң жетістіктеріміз бен еңбектерімізді ескеріп билік құрмет көрсетіп жатыр. Әлбетте, ұстаз еңбегі әрқашан қадірлі. Ең алдымен баланың білімімен қатар тәрбиесін қатар алып, саналы ұрпақ даярлау ісі бізге жүктелген. Сол абыройлы қызметтің бір жүгін көтеріп жүрген ұстаз ретінде барша ұстаздарды төл мерекемен құттықтаймын. Білім жолындағы еселі еңбектеріңізге береке тілеймін. Ұстаздық жолды мұрат еткен жас мұғалімдерге де жеңістері көп болсын демекпін. Сыр елінің білім деңгейін бірге көтерейік!

 







Марапат төрінен көрінген мұғалімдер

"Ы.Алтынсарин" төсбелгісімен:

Күнзияш Аплатинқызы, үш тілде оқы­татын дарынды балаларға арналған ма­ман­дандырылған сыныптары бар «Мұрагер» мектебінің мұғалімі

Ләззат Нәлібаева, №3 Жаңақорған аудандық білім беретін мектеп-интернатының директоры

Жанар Төлегенова, Қызылорда облы­сының білім басқармасы техникалық жә­не кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы

Перизат Жұматова, №2 облыстық балалар оңалту орталығының директоры

"Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісімен:

Рсалды Қалжанова, №7 арнайы түзету мектеп-интернатының  директоры

Жібек Баймуратова, Шиелі аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары

"Еңбек ардагері" медалімен:

Зияда Куздыбаева, зейнеткер

Садық Арғынғазы, зейнеткер

ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Құрмет" грамотасымен:

Баян Суюбаева, Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы

Гульбану Тұрымтаева, Қармақшы ауданы, №26 орта мектебінің мұғалімі

Гулжанат Манабаева, Шиелі ауданы, №155 орта мектебінің психологы

Алмажан Кабакова, Арал ауданы, №2 санаториялық интернатының  мұғалімі

Набат Берекетова, Қазалы ауданы, №165 орта мектебінің мұғалімі

Ләззат Байдалиева, "Мұрагер" мекте­бінің мұғалімі

Күлзада Садықова, №5 мектеп-лице­йінің мұғалімі

ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Алғыс" хатымен

Алтынкүл Жумабаева, Арал ауданы, Бөген елді мекені №20 З.Шүкіров атын­да­ғы орта мектебінің мұғалімі

Ақманат Карибаева, Қызылорда қаласы №171 орта мектебінің мұғалімі

Жайдаркүл Илиясова, №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету) мектеп-интернатының дефек­тологы

Талғат Садыков, Жалағаш ауданы, №201 мектеп-лицейінің директоры

 

Облыс әкімінің "Алғысы"-мен:

Айқын Жақсылықова, Жалағаш ау­даны, №201 мектеп-лицейінің  мұғалімі

Әділбек Елемесов, Қызылорда медициналық колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі

Бота Турсумбекова, Қызылорда қаласы, №1 орта мектебінің мұғалімі

Бибіраба Мырзахметова, Жаңа­қорған ауданы, №223 орта мектебінің мұғалімі

Галина Шамина, Қазалы ауданы, №16 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі

 

Қала әкімінің 100 000 теңге сыйақысын иеленгендер:

Ердеш Алматов, №23 мектеп-лицейінің мұғалімі

Роза Багибаева, №15 мектеп-лицейнің мұғалімі

Гүлмира Қасымбекова, "Мұрагер" мектебінің мұғалімі

Ұлболсын Жаналиева, қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының педагогы

Жанат Раймкулова, №217 орта мектеп мұғалімі

Надежда Шалтакбаева, №198 орта мекте мұғалімі

Ақзәуре Смағамбетова, "Өнер" мектебінің мұғалімі

Лиза Маханова, №171 орта мек­тептің мұғалімі

Рита Мұхашова, Қызылорда қала­сы­ның білім бөлімінің әдіскері

Қанат Әбдіқадыров, №3 мектеп-лицейдің мұғалімі

Оқылды: 323 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « МЕКТЕП БАСШЫСЫНЫҢ МЕРЕЙІ Бүлдіршін жанын түсінген »

Сайт бойынша іздеу

Сауалнама

Күнтізбе

« Қазан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Серіктестер