Айтарым бар

Исатай Минуаров, әлеуметтанушы:

    Бала өз болашағына өзі жауапты. Тиісінше, мамандығын өзі таңдауы керек (бала өзіне не керегін біледі. Егер барлығы жоспар бойынша болмаса, бала ата-анасын кінәлайды). Қазір нарық соны сезген болуы керек, көптеген оқу орталығы “дұрыс мамандық таңдауға көмектесеміз” деген сервис көрсетуді бастады.

   Нарықта қандай мамандықтарға сұраныстың мол екенін анықтап алыңыз. Мамандықты таңдағанда өте ұқыпты болыңыз.

  “ЖОО-ға мектептен соң бірден түсу міндетті” деген психологиядан арылу керек. Шетелде Gap year деген ұғым бар. Gap year бір жыл болуы мүмкін, екі-үш жылға созылуы мүмкін. Бұл уақытты мектепті енді бітірген түлек өзінің не қалайтынын, жасырын потенциалын барынша анықтауға, приоритеттерді дұрыс қою жағын ойлануға пайдаланады. Есесіне, мектеп бітірген бала сол уақыт аралығында есейіп, аз да болса студенттік шақта туындайтын қиындықтарға, стреске дайын болады. Ал біздегідей балаға мектеп бітірген жылы бірден университетке түсуді міндеттеу дұрыс емес.

 

Ұстаз мәртебесін бірге көтерейік!

Бізге жазылыңыз!


Республикалық "Ұстаз мәртебесі" газетіне жазылу құны                      2019жылдың І  жартыжылдығына 

Қазпочта арқылы 6 айға - 1950 теңге (қала үшін)

6 айға - 2150 теңге (аудандар үшін)

Редакция арқылы 6 айға - 1880 теңге

Редакцияға хат

Біз туралы

Редакция құрамы

 Бас редактор – Нұрлан Нұрмахан

Жауапты хатшы –

Абай Тағыберген 

Журналистер

Айдар Сайлауов 

Жүлдызай Қалиева

Абзал Жолтерек

Нұрболат Қоймағанбетов


 Байланыс телефоны:   8(7242) 20-16-19

Электронды пошта: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Фейсбуктегі парақша аккаунты: ustaz.martebesi.kz

Email:
Тақырып:
Текст:
Сейсенбі, 27 Маусым 2017 09:39

Көзі қарақты, сөзі қанатты еді

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

   Айдынды Аралмен ежелден төсекте басы, төскейде малы қосылған көршілес Қазалы ауданы тума таланттардан кенде болған емес. Тіпті, ке­ше­гі өткен Байназар Өте­пов­тың, Мәскеуде жоға­ры әдеби біліммен су­сын­даған, атақты қалам­гер "Адамзаттың Айтма­товы" атанған Шыңғыс Айматовтың "Жәмила" повесін алпысыншы жыл­дары қазақша тәржі­ма­лаған сындарлы сын­шы Қалжан Нұрмаха­нов, Әлмәмбет Әліш, Сейіл Боранбаев, Балта­бай Тәжімбетов, Бекділ­да Алдамжаров, Әнес На­рымбетов, Рүстем Жа­­наев, Сейітқұл Ос­пан, қазір арамызда жүр­ген Мол­дахмет Қаназ, Арал мен Қазалының төл пер­зенті іспеттес, халық­ара­лық "Алаш" сыйлығы­ның иегері Қуаныш Жиен­бай, Серік Асыл­беков есім­дерін кім біл­мейді?! Со­лармен қанат­тас, қабат­тас, тал бесік­тен талпы­нып түлеп, жер бесікке жамбасы ти­генше Қаза­лының май топырағын мекен еткен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-журна­лист Жетіскен Мәкенә­лінің бұл жал­ғаннан өткеніне де жыл то­лып­ты. Оның есімін қазалы­лықтар лайықты мақтан тұтатын еді.

    Қазалы ауданында адамдары аузын ашса жү­регі көрінетін Аранды атты ауыл бар. Жетіскен осы ауылдың түлегі еді. Ақын кіндік қаны там­ған топырағына ұқсайды де­ген қанатты сөз бар. Рас шығар. Бір көргенде Жетіскен тұйық азамат сияқты көрінуші еді. Таныса, сөйлесе келе оның көпшіл, сыршыл екенін аңғарасың.

    Иә, Аранды ауылын­дағы әкесі Мәкенәлі мен анасы Күләйдің құтты шаңырағында 1952 жыл­дың 7 маусымында жа­рық дүниеге келген Жетіскен орта мектеп­тен соң Қызыл­ор­да қа­ласындағы медучи­ли­щеге оқуға түсіп, оны 1971 жылы фельдшер ма­мандығы бойынша тә­мам­дайды. Сөйтіп, бі­рінші санатты фельдшер дәрежесімен денсаулық саласында он екі жыл абыройлы қызмет атқа­рады. Бірақ, өмірдің өз дегені болады екен.

    Жетіскен достың ба­лалық шақтан ақын бол­сам, журналист болсам деген асқақ арманы бо­лыпты. Жүрек түкпіріне ұя салған сол балапан арманы күндердің бір күні қанат қағып, енді оның екінші тынысы ашы­лады. Мектеп қа­быр­ғасында оқып жүр­генде Қазалы аудандық "Ленин туы" (қазіргі "Қа­залы"), респуб­ли­ка­лық "Қазақстан пио­нері" (қазіргі "Ұлан") га­зеттеріне мектеп қабыр­ға­сында оқып жүргенде алғашқы өлең, мақала­ла­рын жолдап, о жақтан тасқа басылған хат алып жүргенде кластастары бұған кәдімгідей таңыр­қап қараушы еді. Әсі­ресе, хаттың басындағы "Ж.Мәкенәлиев жол­дас!" деген алғашқы жо­лын оқыған, көрген пар­та­лас достары бір сәт Жетіскеннің алдында қыздай сызылып қала­тын. Арман алдамайды екен. Сөйтіп 1983 жыл­дың 5 мамырында (бұл сол кездегі кеңестік бас­пасөз күні болып мере­ке­ленетін) Қазалы ау­дан­дық "Ленин туы" газеті редакциясының қасиетті табалдырығын имене аттаған-ды.

  Ауылдан үзбей жа­зып, газет жұмысына бел­сене араласып жүр­ген ол редакциядағы Әлмамбет Әлішев, Киік­бай Изетов, Сейіл Бо­ран­баев, Тиышбай Ше­рекенов сияқты бірі ре­дактор, енді бірі жауапты хатшы, редактордың орынбасары, бөлім мең­ге­рушісі болған сақа журналистер еді олар. Бес жыл солармен иық ті­ресе еңбек еткен Жетіс­­кеннің журна­листік іздері Қазалының қай бұрышына барсаң да сайрап жатқанын көре­сің. Ел іші оның есімін құрметпен еске алады. Қалам ұстаған адамға бұдан артық қандай ба­қыт керек.

   Қазалының Жетіс­кен сияқты азаматы қан­дай қызметтің тізгінін ұстаса да, сенім артқан­дар ешқашан ұтылмай­тын. Соны білген болуы керек, 1988 жылы ау­парт­­­ком­ның сол тұстағы бі­рінші хатшысы Елеу Көшербаев журналист Жетіскенді мәдениет бөлімінің басшылығына ұсынады. Бұл ұсыныс кеңінен қолдау тапқан соң Жетіскен маңайына осы өңірдің аузынан ақық жыр, көмейінен бұлбұл ән, кеудесінен күмбір-күмбір күй төгіл­ген өнерлі өрендерін топтастырады.

   Жетіскен Мәкен­ә­лиев аудандық мәдениет бөлімін басқарған жыл­дары Қазалының өне­ріне берісі қарт Қаратау мен айдынды Аралдың арасы, әрісі Алматының талғампаз көрермендері талай рет тәнті болған еді. Талай жас өнер­паз­дар сан түрлі өнер бай­қауларына қатысып, жүл­дегер атанғаны есі­мізде. Соларды Жетіс­кен­мен бірге үлкен өнер­ге баулыған дәулескер күйші Орақ Баубеков пен күміс көмей әнші Ғалия Оспанова және басқаларының есімдерін әлі күнге құрметпен ойға алып отырамын.

   Өнерпаздар ордасын 1995 жылдың тамызына дейін басқарған әмбебап журналист Жәкең мұнан соң әр жылдары тілдерді дамыту саласында, сол кездегі ішкі саясат секто­рында бас маман Г.Мұ­рат­баевтың тарихи-мемо­риалдық музейінде аға ғылыми қызметкер, 2002-2005 жылдары екінші мәр­те аудан басшыла­рының сеніміне ие болып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып мінсіз қызмет атқарған еді.

    Аудан басшылары жур­­налист Жетіскен Мәкенәліні әр қияға салып, оның қай қыз­меттің тұтқасын ұстаса да қапы қалдырмайтынын түсінеді. Шынында да солай болып шықты. Ол қандай қызметтің тұтқа­сын ұстаса да, баяғы кісі­лік қалпынан жазбады. "Асыл адам айнымас" деп осындайда айтылса керек.

   Біршама жыл жабы­лып қалған аудандық га­зеттің мемлекеттік ком­муналдық қазыналық кәсіп­орнының айдарын тағып қайта жарық кө­руіне ұйытқы болған, ұзақ уақыттан кейін қалпына келтірілген газеттің ал­ғаш­қы санына да өзі қол қойғанын білеміз. Кейін өмірінің соңғы күндеріне дейін осы басылымда бө­лім меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқар­ған болатын.

    Жетіскен Мәкенәлі тума талант иесі еді. Сон­дықтан ол үшін шырайлы шығармашылығы бәрінен артық саналатын. Тұң­ғыш жыр жинағы Қызылорда қаласындағы "Тұмар" баспасынан "ХХІ ғасырға аманат" деген атпен жа­рық көрсе, осыдан бес жыл бұрын "Тағдырмен тілдесу" атты кітабы оқыр­ман көзайымы болған. Бұған Жетіскен достың көзі тірісінде әр жылдары баспалардан жарық көр­ген оқырмандар қолына тиген "Ортаймаған қаза­ны, қазыналы Қазалы", "Тамыры терең, тарихы кенен Қазалы" жинағы­ның үш кітабы, "Асандар көтерілісі", белгілі қалам­гер Толыбай Абылаевпен бірігіп жазған "Нұрбай би" және Шығыс жаста­рының ХХ ғасырдың жиыр­масыншы жылғы жетекшісі болған Ғани Мұратбаев туралы деректі жинақтарын қосыңыз.

    Көзі тірісінде қаламы жүйрік Жетіскен Мәке­нә­ліні әріптестері "Қаза­лының көзі қарақты, сөзі қанатты қаламгері" десе дегендей екен. Ол тарихы бағзы, бір заманда оғыз­дармен еншілес болған осы аймақтың осыдан бір жыл бұрын көзі тірі шежірешісі сияқты еді. Ендігі жерде оның өлмес, өшпес өмірін туған өлкесі туралы деректі және жыр кітаптары мәңгілік жал­ғастыратын болады.

   Жетіскеннің азамат­тығын, елжандылығын, кішік мінезін көрген Қазақстан Республи­ка­сының тұңғыш Премьер-министрі болған Ұзақбай Қарамановтың "Апыр-ай, Жетіскені жоқ ау­дандар қайтіп күн көріп жүр екен?" деген сөзі дуалы аузынан тарап, аңызға айналып кеткелі қашан. Ал, республи­калық "Ден­саулық" журналының бас редак­торы, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлы­ғы­ның иегері, белгілі жазу­шы Молдахмет Қаназ Жетіскеннің жетістігі жөнінде былай деуші еді:

   - Анда-санда "кір жуып, кіндік кескен" ту­ған жерге барғанда алды­мыздан аңқылдап Жетіс­кен ініміз шығатын. Қа­зір орны үңірейіп тұр Қаза­лының көшеле­рін­де. Қазыналы Қаза­лы­ның арғы-бергі тарихын түртінектеп жүріп жарық­қа шығаратын да сол еді. Қолға қалам ұстаған адам көп. Бірақ, Жетіскеннің орны бір төбе болатын. Зауқайым Қазалы жайлы дерек керек болса, дереу Жетіскенге хабарласа­тынбыз. Ол осы аудан­ның арамызда жүрген "архиві" сияқты болатын.

    Көзі тірісінде өзі туып-өскен Қазалы ауда­нының құрметі мен ықы­ласын еншілеген Жетіс­кен құрдасым сүйікті жа­ры Марияш екеуі ұла­нақтай төрт ұл, қызғал­дақтай бір қыз тәрбие­леп, балдай тәтті неме-релер қызығына енді ғана кенелген шағында бақи-лық сапарға аттанғалы жыл толыпты. "Орнында бар оңалар" деген. Ар-тында қалған қосағы мен тай-құлындарына жүрім бергей.

Толыбай АБЫЛАЕВ

Оқылды: 436 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Мұсылманы мол мемлекет Балық өсірудің білгірі еді »

Сайт бойынша іздеу

Сауалнама

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Серіктестер

 

Бұлтты

2°C

Қызылорда

Бұлтты

Құрғақ 93%

Жел 1.61 km/h

  • 5 Нбр 2015

    AM Fog/PM Clouds 6°C 0°C

  • 6 Нбр 2015

    AM Clouds/PM Sun 7°C 3°C