Басып шығаруға арналған нұсқасы
Бейсенбі, 05 Шілде 2018 11:45

ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ – ЖАСТАРҒА МҮМКІНДІК БЕРУ

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

   

    Елде еңбек нарығының жандануына көп көңіл бөлінуде. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсіп бастауына және жаңа мамандық алып шығуына жағдай жасауда. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының тиімді жақтарын тұрғындарға түсіндіріп, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Екі қолға бір күрек табу мақсатында жүрген жандар бағдарлама аясында еңбек етіп, түрлі мамандықты игеруде. Ал, өзінің экономикалық әлеуетін іске асыруға ниеттенген азаматтарға несиелер берілуде. Бағдарлама аз уақыттың ішінде айтарлықтай нәтиже беріп келеді.

    Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, техникалық және кәсіптік бі­лімі бар кадрларды даярлау мақсатында 1515 адамды оқыту қыркүйек айына жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту аясында 1605 адам білім алып, жаңа істің жандануына ықпал етеді. Бірінші бағытта атап көрсеткен техникалық маман иелері қазіргі таңда сұранысқа ие. Демек, бағдарламаны тиімді қолданған, білім алып мамандық алған кісі өз-өзін жұмыспен қамтуға үлкен мүмкіндігі бар.

   

Бүгінде өз кәсібін ашып, дөңгелетемін деушіге мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Тек оны тиімді пайдалану керек. Кәсіп бастауды көздеген жас арнайы оқу­дан өтіп, тәжірибелі кәсіпкерлермен байланыс орната отырып, өз ісінің гүлденуіне жол ашады. Осы орайда мамандардың бағытымен несие алып, бизнес жоспарын жүзеге асырушылар саны өңірімізде артуда. Елбасының 2018 жылғы Жолдауында әрбір қазақстандық өз әлеуетін толық іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңыздылығы зор. Ол үшін еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз ету ке­рек деген болатын. Осы орайда "Атамекен" ұлттық кә­сіпкерлік палатасы бағдарламаның екінші бағыты бойынша "Бастау Бизнес" жо­басын нәтижелі іске асырып жатыр. Жалпы, бизнес бастау үшін кәсіпкерге не керек? Ол үшін арнайы саауаттылық қа­жет. Бізге берілген мәліметті басшылыққа алсақ, жоба бойынша биылғы жарты жылдықтың өзінде 292 адам кәсіпкерлік негіз­дерін оқуға жолдама ал­ған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1600 адамға дейін артып, 18,3 пайызды құрауы мүмкін. Екінші­ден өнімді сату керек, сонда ғана кәсіпкер еңбек нарығында өзінің белсенділігін көр­сетеді. Үшіншіден, қаржы керек. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бізге берген дерегіне сүйенсек, ауылдағы жә­не қаладағы кәсіпкерлік бағдарла­ма­лар­ды қолдауға, яғни 968 адамға 3,5 млрд.теңге шағын несие қарастырылған. Сонымен қатар, идея­ларын іске асыруға асыққан азаматтар мемлекеттік грантпен жұмыс бастауға дайын. Демек, 405 адам­ға 192,0 млн. теңге бөлінген. Бизнес тек қа­лалы жерлерде оң нәтиже бермейді, қазір ауыл-аймақта да кәсібінің берекесін көріп, жұмыссыздарды еңбекпен қамтып отырғандар да жетерлік.

    Енді ғана оқу бітіріп, қолға диплом ал­ған жас мамандар үшін Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшінші бағыты үлкен серпін берері анық. Себебі, оқу ордасын тәмамдаған маманға дайын жұмыс табу қиынға соғатыны да жасырын емес. Осы мәселені шешу мақсатында қолайлы жағдай жа­сап отырған мемлекет жастардың 6 ай практикадан өткенін жөн санаған. Әрине, тегін емес. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының тең жартысы аталған жастар практикасына тиесілі. Бар болғаны құжаттарды дайындап, жұмыс берушімен келісімге отыру маңызды. Алайда, бағдарлама тұрақты жұмыспен қамтуға кепілдік бермейді. Әрі қарай жас маманның ынтасы мен біліктілігіне байланысты. Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Гүлнар Халықованың баяндауынша, осы уақытқа дейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 9873 адам қамтылған. Соның ішінде бос жұмыс орындарына 4453 адам және әлеуметтік жұмыс орындарына 659 адам жолдама алған. Сондай-ақ жастар тәжірибесіне 1235 адам қабылданса, қоғамдық жұмыстарда 3526 адам қызмет етуде. Әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға орта жастағы азаматтар мен еңбекке жарамды, бі­рақ жұмысы жоқ тұрғындар келіп, жа­лақыға жұмыс жасайды. Үшінші бағыттың тағы бір ерекшелігі солтүстікке қо­ныс аударып, өз қызметін жалғастыруды мақсат еткендерде осы әлеуметтік бағ­дарлама арқылы әлеуетін көтеруге ниет етеді. Ағымдағы жылдың наурыз-мамыр айларында Солтүстік өңірлердің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, нәтижесінде 26 отбасы құрамында 108 адамымен сол­түс­тікке қоныс аударды. Айта кетейік, 2018 жылы облыс халқын жұмыспен қамтуға ықпал жасау жөніндегі Кешенді жоспар қабылданған еді. «Жоспар аясында 39625 жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен қамтылғандар тартылатын болады» дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Г.Халықова. Айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларын қолданбай жұмысқа орналасқандар саны 2818 адам, демек 25,0 пайызды құрап отыр. Ал, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 6812 адам тартылған. Сонымен қатар, өз бетінше жұмысқа орналас­қандар саны 4117 адамға жеткен.

    Тұрғындардың жұмыссыз жүріп, нәпақа табуға "қызмет таппадым" деуі қазіргі таңда сылтау ғана болып қалды. Халықты жұмыспен қамту бойынша жасалынатын үш бағыт қызметке орналасуыңызға көмегін тигізеді. Оқумен қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікке бейімдеп, еңбек нарығын дамыту арқылы елдегі жұмыссыздықты жою басты бағыт. Сол арқылы ел экономикасы дамып, халықтың әлеуметтік әлеуеті жақсарары сөзсіз.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Оқылды: 52 рет Соңғы рет өзгертілді: Бейсенбі, 05 Шілде 2018 11:50
Ұстаз мәртебесі

Келесі автордың соңғы жариялағандары: Ұстаз мәртебесі