Газеттің ПДФ нұсқасы

Ұстаз мәртебесін бірге көтерейік!

Бізге жазылыңыз!


Республикалық "Ұстаз мәртебесі" газетіне жазылу құны

Қазпочта арқылы 6 айға - 1680 теңге(қала үшін)

6 айға - 1800 теңге (аудандар үшін)

Редакция арқылы 6 айға - 1560 теңге

Редакцияға хат

Email:
Тақырып:
Текст:
Дүйсенбі, 07 Тамыз 2017 09:43

Әр нәрсеге асық болғанша, бір нәрсеге машық бол

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

    Дәрігер ауырған адамның жанына араша түседі, ұстаз адам тәрбиелейді. Бұл екі кәсіп сонау ықылым заманнан бері қасиетті, киелі саналады. Қай қоғамда да ұстаз бен дәрігерге қажеттілік жоғалуы мүмкін емес. Себебі бірі адам баласының тән сұлулығына, екіншісі жан сұлулығына қызмет етеді. Біле білсең, Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының таратқан мәліметтеріне қарағанда, адам денсаулығының жақсы болуы (40 пайызы) қоршаған ортаға немесе экологияға байланысты Содан кейін оның өмір сүру жағдайына (40 пайызы) тәуелді көрінеді. Қалғаны (20 пайызы) медициналық көмек көрсетілуінің деңгейімен сараланады.

     Ендеше, қашанда қадірлі мамандықтардың бірі саналатын дәрігерлер жайында және оларды шетелдердің жоғарғы оқу орындарында дайындаудың ерекшеліктері туралы сөз қозғамақпыз.

 

Ресейде дәрігер мамандығы қалай дайындалады?

     Ресейде медициналық жоғары оқу орындары ешқашан үміткерлерге зәру бол­ған емес. Бүгінгі таңда Ресейдің денсаулық сақтау жүйесі оларға карьералық өсу мен қаржылық мүмкінші­ліктерге ешқандай шектеу қойып отырған жоқ. Жалпы, дәрігер атанудың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Жоғары оқу орнында 6 жыл оқыған соң, сіз әлі дәрігер емессіз. Журналист, инженер, экономистер мамандықтары бойынша жұмысқа кірі­сіп кеткен кезде, сізге әлі бір жыл интернатура немесе екі жыл ординатурада оқуға тура келеді. Бұнда өзіңіз таңдаған медицина мамандығымен етене танысасыз. Бұл кезеңдерден сәтті өткен соң барып, өз бетінше жұмысқа кірісуге болады. Дегенмен тағы бір сын өзіңізге педиатрия, стоматология, фармация сынды медицина саласының бірін таңдауыңыз қажет. Сонымен...

     Емдеу ісі - ең танымал мамандық. Алғашқы екі жылда студент биология, физика, анатомия, гистология, сонымен қатар латын тілін оқиды. Әр пәнді жетік білу қажет. Сондықтан оқумен қатар қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік аз.

    Ал, негізгі курс болып саналатын үшінші жылы хирургия және топографиялық анатомия, патологиялық анатомия және физиология, фармакологиядан дәріс оқы­лады. Төртінші және бесінші курстарда хирургиядан бастап, педиатрияға дейін қамтылады. Ең маңыздысы - тәжірибеден өту. Жоғары білім туралы диплом ауруды анықтауға көмектеседі. Енді алдағы мақсат - ауруды емдеу. Егер сіз адамдардың ауруын анықтап, оны емдеумен шектелемін десеңіз, интернатура жеткілікті. Карьералық өсу үшін міндетті түрде ординатура дипломы қажет.

     Педиатор - балалар дәрі­гері. "Емдеу ісі" мамандығына ұқсас. Бірақ оқу процесінде балалар ауруы мен психологиясына баса назар аударылады. Оқу тек қана педиатриялық кафедраларда емес, сонымен қатар, диагностика, емдеу, профилактикалық мекемелерде жүргізіледі.

     Стоматология мамандығының иегерлері оқу жылының алғашқы төрт семестрінде басқа студент-дәрігерлер сияқты биология және биохимия т.б пәндерді оқиды. Ал, үшінші курстан бастап терапия, ортопедия, балалар стоматологиясы, ішкі аурулар, тері және көз аурулары бойынша дәріс алады.

     Интернатура және ординатурада оқу арқылы "стоматолог-терапевт", "хирург", "ортопед", "балалар тіс дәрігері" мамандығын игере аласыз.

      Ресейдің таңдаулы медициналық білім беру мекемелері:

- И.М.Сеченов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік академия­сы

- Мәскеу мемлекеттік медицина-стоматологиялық университеті

- Ресей мемлекеттік медициналық университеті

- Санкт-Петербург мемлекеттік медициналық университеті

 

Германиядағы медициналық білім беру жүйесі

    Германияда медицина мамандығы бойынша оқу мерзімі 6 жылдан жоғары. Оқу мер­зімінің ұзақтылығы - азаматтың медицинаның қай саласы бойынша білім алу мазмұндылығына байланысты 10 жылға дейін созылуы мүмкін.

      Германияда медицина саласы бойынша білім алу 4 кезеңге бөлінеді: клиникаға дейін бір, клиникадан кейін үш кезең.

     Алғашқы екі жылда (1-4 семестр) студенттер базалық пән­дерді оқиды, сонымен қатар ауруға алғашқы жедел жәрдем көрсету қызметін үйренеді.

    Алғашқы клиникалық кезеңде нақты ғылым және жалпы патология бойынша клиникалық пән, ауруды дәрігерлік және тәжірибелік зерттеу әдістері дәрістеледі. Екінші клиникалық кезеңде оқу жеке нақты ғылым және клиникалық пән бойынша жүргізіледі. Студенттер адам ағзасы туралы теориялық білімді игереді. Ауруға диагноз жасап, емдеу жолдарын белгілейді. Осы екінші кезеңде арнайы патология, арнайы фармакология, жалпы медицина, гинекологи, психиатрия т.б пәндер негізінде дәріс алады. Бұл кезеңнің білім қортындыларын шығару үшін студент жазбаша түрде емтихан тапсырады. Студент тәжірибеден өту үшін емтихан қорытындыларын көрсетуі керек.

    Үшінші клиникалық кезеңде (бір жыл) студент университет жанындағы клиникадан немесе ауруханалардың бірінде клиника-тәжірибелік оқудан өтеді. Емтихандар жазбаша және ауызша түрде жүргізіледі. Барлық кезеңдерден сәтті өткен студентке дәрігер дипломы беріледі. Германияда қолына диплом алған дәрігер әрі қарай өзі жұмыс істеуге кірі­седі.

     Бірінші баспалдақ дәрігер-практикант, бұл қызметте 18 ай жұмыс істеу керек. Бұл сатыда өзін жақсы жағынан көрсете білген ол ассистент дәрежесіне көтеріледі. 4-5 жыл жұмыс істеген соң, дәрігер өзі таңдаған медицинаның арнайы бір саласы бойынша мамандық таңдауына болады. Емтиханды тәуелсіз сарапшылардан құралған топ қабылдайды. Талабы жоғары емтихан маманның біліктілігін таразылайды. Ол сыннан тек білімділер ғана өте алады. Одан сәтті өткендер аға дәрігер болуға немесе өзінің жеке клиникасын ашуға болады. Германиядағы медициналық білім беру жүйесінің бір ерекшелігі, студентке өз саласымен қатар микроэкономика, өндірісті басқару технологиясы, іс жүргізу оқытылады.

     Германияда үш түрлі (эксперименттік, статистикалық, клиникалық) бағытта кандидаттық жұмысты қорғауға болады. Неміс университетін жақсы бағамен аяқтаған азамат "доктор" академиялық дәрежесін алуына мүмкіншілігі бар.

      Германияда медицина саласы бойынша білім беретін үздік оқу орындары:

- Charite, Medical Faculty, Humboldt University, Berlin

- Universitatsklinikum Benjamin Franklin, Berlin

- University Giessen

- Universitat Freiburg

 

Америкада медицина саласы бойынша білім алу

     Америкада медицина саласы бойынша білім алу мерзімі басқа елдермен салыстырғанда ұзақ және қымбат. Медициналық білім беру жүйесі 1910 жылы бірізділікке түсірілген. Содан бері айтарлықтай өзгерістер енгізілген жоқ. Мектепті аяқтаған соң талапкер медициналық жоғары оқу орнына түсу үшін алдымен үш жылдық да­йындық курсынан өтуі немесе осы саламен байланысты бакалавр дипломы болуы керек. Үлгерімі жақсы, ғылыми жұ­мыс­пен айналысуы шарт. Медициналық мектепке оқуға тү­серде, оның бірінші кезеңінен өткен соң дәрігер-аллопат немесе дәрігер-остеопат екеуінің бірін таңдаған жөн (дәрігер-ал­лопат адам ағзасына басқа дәрілердің кері әсерінсіз емдеу; дәрігер-остеопат - науқастың ауырған жерін ғана емес, бүкіл ағзасын емдеу).

    Америкада медициналық мектептердің (жоғары оқу орны) жеке болуы жиі кездесе бермейді. Көбіне бір университеттің қарамағында болады. Бір жылғы оқу ақысы 30 000 доллар көлемінде. Медициналық мектептердің саны колледждерге қарағанда 5 есе аз. Сондықтан ең таңдаулы мектептерде бір орынға 10 үміткерден келеді. Әр мектептің қа­был­дау емтихандары да әр түр­лі. Бірақ бір емтиханды тапсыру міндетті. Ол қабылдау тесті МСАТ (Меdical College Admiis­sion Test). Емтихан тапсыру кезінде биология, химия, физика пәндерін игеру дәрежесіне мән беріледі. Мектепте білім алу 4 жыл. Алғашқы екі жылында негізгі білім анатомиядан, био­химиядан, физиологиядан дәріс беріледі. Сабақ лекция түрінде өтеді. Тәжірибелік сабақтар зертханаларда жүргізі­ле­ді. Үшінші, төртінші оқу жы­лында студент көп уақытын уни­верситет жанындағы госпитальда дәрігерлермен өткізеді. Оқу барысында студент екі рет сынақтан өтеді. Бұдан соң медицина докторы дипломы беріледі (доктор-аллопат немесе доктор-остеопат). Медицина мек­тебін аяқтаған соң клиника немесе ауруханаларда резидентурадан өтеді. Осы кезеңде ғана нақты мамандықты таңдауға болады. Резидентурада оқу мерзімі таңдаған мамандыққа байланысты. Мысалы "урология" - 2 жыл, "дерматоло­гия", "терапия" - 3 жыл, "акушер-гинеколог", "анестезиолог", "нерволог", "офтальмолог" 4 жылдан астам. Резидентураны аяқтаған соң күрделі емти­хан­нан өткен азамат қана тәжірибеге жіберіледі.

    Америкада дәрігерлер теориялық медицинаның бір саласында зерттеу жұмыстарымен айналысуды жоспарласа (Рhilosophy Doctor немесе PhD) доктор дәрежесін иемдене алады. Әдетте докторантура үш жылға созылады. Олар ар­найы бағдарламамен (МD+PhD) оқиды.

     Америкада 140-тан астам медициналық мектептер бар. Оның 120-дан астамы медицина докторы, 20-ға жуығы доктор-остеопат дәрежесін тағайындай алады.

АҚШ-тағы алдыңғы қатардағы медициналық оқу орындары:

- Univerity of Arizona College of Medicine

- Stanford Univerity School of Medicine

- Univerity of California San Diego School of Medicine

- University of California, Davis, School of Medicine7.

Альмира ЕЛІМСАРИНА

Оқылды: 79 рет

Сайт бойынша іздеу

Сауалнама

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Серіктестер