Газеттің ПДФ нұсқасы

Ұстаз мәртебесін бірге көтерейік!

Бізге жазылыңыз!


Республикалық "Ұстаз мәртебесі" газетіне жазылу құны

Қазпочта арқылы 6 айға - 1680 теңге(қала үшін)

6 айға - 1800 теңге (аудандар үшін)

Редакция арқылы 6 айға - 1560 теңге

Редакцияға хат

Email:
Тақырып:
Текст:
Дүйсенбі, 07 Тамыз 2017 09:56

Батыс Азиядағы бақуатты ел

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

    Әлем елдері ішінде жұмыссыздық мәселесіне алаңдамайтын санаулы елдер бар. Соның бірі - Оман сұлтанаты. Оңтүстік-батыс Азияда орын тепкен шағын мемлекеттің бүгінде әлеуметтік ахуалы жылдан-жылға жақсарып келеді. 4,5 миллионға жуық халқы бар елді сұлтан билейді. Соңғы он жылдық кезеңге көз тастасақ, Оман сұлтанатының гүлденген кезін байқауға болады. Мұнай мен газ арқылы пайдаға кенеліп отырған елдің тұрғындары сауда десе алдына жан салмайды. "Алуан түрлі әлем" айдары Оңтүстік-батыс Азия елдерін тұрмысы бақуатты, халқы қуатты әлемдегі таза елдердің бірі Оман сұлтанатынан бастамақ.

 

     Оман - Арабия түбегінің шығы­сын­да орын тепкен шағын елдің бірі. Сауд Арабия, Йемен, Бірік­кен Араб Әмірліктерімен көрші жа­тқан монархиялы ел. Тарихы тым әріде жатыр. Деректерден бел­гілісі, б.з.д. I мыңжылдықтың ба­сында ежелгі Оманда Йеменнен қоныс тепкен Ямани тайпа бірлес­тіктері билік құрған. Теңізшілер те­ңіз жағалауында порттар салып, Египет, Эфиопия, Парсы шығанағы, Үндістан елдерімен сауда жүр­гізеді. Ал, VII ғасырдың ортасында Оман елінің аумағы тұтастай Араб халифатының құрамына қосылады. 10 ғасырға жуық уақыт бойы елде парсы, португалдықтар үстемдік етті. Омандықтарды басып алған португалдықтар елге үл­кен қамалдар салады. Көп кешікпей, арабтар өз жерін кері қайтарып, салынған қамалдардың көзін жой­май, елдің тарихи мұралары есебінде сақтайды. Жалпы омандықтардың тарихында әртүрлі елдердің сыртқы ықпалы болған. Мәселен, ХІХ ғасырдың бас кезінде Оман имаматы, Маскат сұл­тан­дығына және Шарттық Оманға бөлшектенді. Кейіннен ағылшын әскерлері мен Маскат сұлтанының қарулы күштерінің назарында болады. Осылайша тартысты кезеңдерді артқа тастаған Оман 1970 жылы біртұтас Оман сұлтандығының құрылғанын жариялады.

     Оман қазірде қарқынды даму үстінде. Елде мұнай табылғанша ха­лық таршылықта тіршілік етті. Базар жағалап, сауда жасаумен күнелтті. Кейіннен жерінен мұнай табылып, аузы аққа тиді. Қазірде қара алтыннан түсетін пайда кө­лемі жылына 6-8 млрд.долларды құ­райды. Қолөнер кәсібінде де алға жылжу бар. Химия, цемент, та­мақ, металл өңдеу салаларында қа­ра үзіп келеді. Құрма мен темекі өндіру арқылы экономикалық ахуалын түзеп отыр. Сөз басында айтып кеткеніміздей, елді сұлтан билейді. Султан Кабус бен Саид бен Теймур билікке келем дегенше, омандықтар түрлі мәселелермен бетпе-бет келді. Көлік қатынасы, жолдар мен инфрақұрылымның тар­тылмауы жергілікті жұрттың шаруасын кері тартып тұрды. Билік басына келген сұлтан қара алтыннан түсетін қаржыны ел игілігіне жұмсап, аз уақыт ішінде әлеуметтік ахуалды жақсартты. Кабус бен Саид сұлтан АҚШ пен қарым-қатынас орнатып, 1987 жылдан бастап туризмге күш салады. Алдымен тарихтан сыр шертетін ескі орындарға мән беріп, көшелердің тазалығын қадағалады. Содан болар, ел астанасы Маскатқа аялдасаңыз, тақтайдай тегіс жолдар мен мұнтаздай таза көшелерді көресіз. Саяси билікте де ойлантатын тұс аз емес. Монархиялы ел болғанымен, билікте отырған сұлтанның ұрпағы жоқ. Қазірде жетпіс жетіге қадам басқан сұлтанның жағда­йына алаңдаушылар көп. Бұл ел басшысына деген құрмет. Негі­зінде, омандықтар ұғымында сұлтанға деген құрмет ерекше. Әрбір 100 қадам аттаған сайын сұлтан есімімен аталатын нысандарды кезіктіруге болады.

      Қиындық артта қалды. Қазірде омандықтар бақуатты тұрмыс кешеді. Елде жұмыссыздық мүлдем жоқ. Әрине, халық санының аздығын алға тартатындар көп. Дегенмен, ұтымды саясат омандықтардың уайымсыз тіршілік етуіне сеп. Мәселен, бұл елде ешбір салық алынбайды. Ең төменгі жалақы 1000 доллар шамасында. Омандықтардың 70 пайызы саудамен байығанды ұнатады. Бұл өз кезегінде билікті алаңдатып отыр. Себебі мал шаруашылығымен айналысатындар жоқтың қасы. Мәселені ескеріп, билік ауыл шаруашылығымен айналысамын деушілерге пайызсыз несиеге жер беріп, қажет болса, кәсіп ашуға қажетті оқыту жұ­мыстарын жүргізеді.

     Еңбек демекші, Оман сұлтанатына сырттан келіп жұмыс істейтін­дердің қарасы қалың. Бала-шаға қамы үшін Үндістан мен Пәкістаннан келетін саудагерлер жергілікті базарға аялдап, өнімдерін саудалайды. Жалпы Оманда саудаласудың сырын білген маңызды. Әсіресе, таксиге мінген мезетте. Себебі тұ­рақты баға жоқ. Таксометр қо­сылмайды. Саудаласа білсеңіз, кө­ңілге қонымды бағада жетесіз. Тұр­мыс­тың түзелгеніне қарап, біраз істің басын ашуға болады. Бұл ел­дің тұрғындары автобуспен мүлдем қа­тынамайды. Тек сырттан келетін қара жұмысшыларға арналған арнайы автобус жүреді. Елдің барлығында дерлік автокөлік бар. Бензин бағасы да қалтаға қонымды. Сондықтан көлігі жоқ азаматтар такси қызметіне жүгінеді. "Еңбек еткенге бақыт басын иеді" деген тәмсіл осы омандықтарға қарата айтылған ба дерсіз. Қанжар жасаудың өнерін бір кісідей меңгерген Оман жұртшылығы шеттен келетін туристерге ескіден қалған, түйе сүйегінен жасалған қанжарды саудалайды. Еңбекқорлығы сауда жасау тәсілінен байқалады.

     Білім беру бағытында айтарлықтай ерекшелік жоқ. Біздегідей емес, қаптаған оқу орындарын байқау қиын. Санаулы, әрі тәжірибесі бар жоғары оқу орындары ғана бар. Жалпы Оманда білім алуға бас қатырмайды. Есесіне оқимын деп бел буған студентке мемлекет тара­пы­нан шетелде оқуға қаржы бөлі­неді.

     Оман араб мемлекеті болғандықтан, дінге басымдық береді. Мемлекеттік діні - ислам. 90 пайызы мұсылмандар. Сұлтан атымен аталатын мешіт әлемдегі сәулеттік көркемдігі жағынан көп елдердің алдын орайды. Мұнда бір мезетте 6500 адам намазға жығыла алады екен. Құрылысы, әрі көлемі жағынан әлемдегі 3 ірі мешіттің бірі. Мешітте төселген кілемді тоқуға 600 ирандық әйел жұмылдырылған деседі.

     Оман сұлтанаты бір қарағанда қызықсыз болып көрінуі мүмкін. Аса бір туристік ел деп те айта ал­май­сыз. Көңіл көтеруге келетін орындар аз. Бұқалар бәйгесі омандықтардың жылына екі мәрте басын қосады. Бұқалардың тартысын тамашалауға жиылған жұртшылық қызық көру үшін келеді. Ойын шарты бойынша бұқалардың біреуі артқа шегініп, қорқақтық танытса, сол жеңілген болып есептеледі. Алайда, бұқалар үшін арнайы бәс тігуге тиым салынады. Мұсылман мемлекетінің ұстанымын осыдан байқауға болады.

     Оман сұлтанаты елдің әлеуметтік ахуалына мән беретін бірден бір ел. Дәстүрге берік, тәртіпке қатаң, тазалыққа жан беретін омандықтардың өмір сүру салты көпті қызықтырмай қоймайды. Пайдалы қазбаларды тиімді пайдаланып, сырт елдермен де тиімді саясат ұстанып отырған сұлтанат болашақта балама энергия көзін өнді­руді жолға қойып отыр.

А.ҚАРАКЕСЕК

 

Оқылды: 51 рет Соңғы рет өзгертілді: Дүйсенбі, 07 Тамыз 2017 10:10

Сайт бойынша іздеу

Сауалнама

Күнтізбе

« Қазан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Серіктестер