Газеттің ПДФ нұсқасы

Ұстаз мәртебесін бірге көтерейік!

Бізге жазылыңыз!


Республикалық "Ұстаз мәртебесі" газетіне жазылу құны

Қазпочта арқылы 6 айға - 1680 теңге(қала үшін)

6 айға - 1800 теңге (аудандар үшін)

Редакция арқылы 6 айға - 1560 теңге

Редакцияға хат

Email:
Тақырып:
Текст:
Сейсенбі, 08 Тамыз 2017 10:28

Қала әкімі қаланы не үшін аралап шықты?

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

      Жаз мезгілі - құрылыстар мен түрлі ғимараттардың бой көтеретін шағы. Тозы­ғы жеткен жол төсеніштері де жаңа­рып, бітпеген үй жұмыстары жаңғыратын кезең. "Қызылорданың көркі енді-енді кіріп келе жатыр" деп баға беретіндер жасалы­нып жатқан жұмыстарға куәгер болып жүрген де болар, соның өзінде қала әкімі Н.Нәлібаев қаладағы бірқатар нысандар­ды бір топ журналистермен бірге аралап, құрылысшыларға сәттілік тіледі.

     Қаланы аралау барысында қала әкімі қарқынды түрде жүріп жатқан құрылыс аймақтарында шешілмей тұрған мәселе­лерге қолдау көрсететінін, тек сапалы дүниелерді халыққа ұсыну керектігін және өңірдің көркін кіргізетін ғимарат­тардың салына беретінін атап өтті.

 

     Әкім ең бірінші Сырдарияның сол жағалауынан бой көтеріп келе жатқан жаңа қаланың құрылыс жұмыстары жөнінде егжей-тегжейлі таныстырып берді. Әкімнің сандарды сөйлете жөнел­геніне қарап, қыруар қаржының орын-орнымен жұмсалатынына көз жеткіз­гендей болдық. Негізінен сол жағалауды дамытуды түбегейлі жоспарлау жобасы­ның жалпы көлемі 1 мың 532 гектар бол­са, бірінші кезекте жоспар бойынша жү­зеге асырылуы тиіс 500 гектер аумаққа әкімшілік ғимараттар мен әр түрлі мақсаттағы әлеуметтік ғимараттар орын теппекші. Сол жағалаудағы аумақ 15 ау­даннан құралады, олар 11 тұрғын үй ауда­нынан, 1 индустриалдық аймақтан, соны­мен бірге 3 ірі парк пен бульвар­лардан тұратын болады. 17 мамырда Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үйдің және құны 742 млн. теңгелік 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Балабақша құрылы­сын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында "Абу-Сер" ЖШС қолға алған.

     Келер жылға да нақты жоспарлар жасалған. Ең бастысы, өңірді өзге ай­мақтардан оқ бойы озық етіп, қала тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталғаны қуантты. 2018 жылдың да үлесінде қарқынды құрылыс күтіп тұр. Республикалық бюджет есебінен тағы бір 320 орындық балабақша, 600 орындық мектеп, 500 келушіге арналған емхана салу жоспарлану үстінде екен. Және де осы аумақтан жастар орталығы, неке сарайы, "Болашақ" университетінің сту­денттер қалашығы, онкологиялық орта­лық­тың және Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайының ғимараттары бой көтермек. Осы құрылыстардың ішін­де ең бірінші "Онкологиялық орталық­тың" жоба-сметалық құжаттары әзірле­нуде және құрылыс жұмыстарын жүргізу қазан айынан басталмақ. Аталмыш жобаға облыстық бюджеттен 68 млн. теңге қаражат қарастырылған.

     "Cыр бойы туристік орталыққа айналып кел жатыр" деген қала әкімі кәсіпкерлерге де көңіл бөлініп жатқанын тілге тиек етті. Биылғы жылы жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында, "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарла­масы аясында іске қосылған "Тұрғын үй құрылысы комбинаты" өнімдерін қолдана отырып салынатын, сол жағалаудағы 50 пәтерлік 4 арендалық тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттарын мемлекеттік сарап­та­масымен қоса әзірлеуге облыстық бюд­жеттен 29 млн. 564 мың теңге бөлінсе, бұдан бөлек 60 пәтерлік 3 арендалық тұрғын үйлердің жоба-сметалық құжат­та­рын мелекеттік сараптамасымен қоса әзірлеуге қосымша 16 млн. 221 мың теңге бөлінген.

     Ең басты мәселелердің бірі - көлік қоз­ғалыстарының жүйелі болуы. Сол жаға­лауда бұл жайтқа да мән берілген. Жер­гілікті инвесторлардан "ТS" компаниясы жанар-жағармай құю кешенін салуды жоспарлауда. Жоспарланған аймаққа - жанармай құю бекеті, 4 бокстан тұратын сервистік қызмет, көлік жуу орны және шағын маркет салынбақ. Жол-көлік инф­ра­құрылымын дамыту мақсатында, "Шіркейлі" каналы үстінен өтетін көпір, қала орталығындағы жаңа көпірден бастап "Батыс Қытай - Батыс Еуропа" автомобиль дәлізіне дейінгі аралықты жалғайтын 5 шақырымдық магистралдық көше, со­нымен бірге ұзындығы 7,8 шақырым болатын Сырдария өзенінің бойынан жағалау құрылысын жүргізу жоспарда.

     Атқарылып жатқан жұмыстарды қала әкімі өз көзімен көріп оң бағасын берді. Бұл бір ғана Сырдың сол жағалауындағы ұшан-теңіз еңбектің бастамаасы. Әрине, ауқымды жоба, соған қарамастан құры­лыс­шылар ел игілігі үшін сапалы дү­ниелерді халыққа қалтқысыз ұсынуға уәде етті. Оны әзірге уақыт еншісіне қалдыра тұрайық.

     Бұдан соң журналистер Тасбөгет кенті, Амангелді көшесінің бойында орналасқан балаларға арналған ойын-спорт алаңымен танысты. Облыстық көпсалалы балалар ауруханасына қарама-қарсы орналасқан спорт алаңы көпшілікке қолайлы. Бұл балалар ойын алаңы былтырғы жылы Тасбөгет кенті әкімдігі тарапынан өз кірістері есебінен 9 млн. теңгеге салынған. Осы жылы да аталған шаруалардың жалғасы ретінде, қала бойынша барлығы 20 дана спорттық-жаттығу алаңдары са­лынатын болады. Бұған бюджеттен 80 млн. теңге қаржы қаралған.

    Заманауи талаптарға сай спорттық-жаттығу алаңында веложаттығу, кермеше, брусья, түрлі күштік жаттықтырғыш құ­ралдарымен қамтамасыз еті­леді. Осы бағытта соңғы 4 жыл­дың өзінде қала бойынша 62 спорттық ойын алаңдары салынған. Және жоспардағы нысандар ағымдағы жылдың қараша айына дейін толық пайдалануға беріледі. Әкімнің айтуы бойынша осылай.

      Ендігі кезек жол мәселесі. 35 мыңға жуық тұрғыны бар Тасбөгет кенті бойынша үсті­міз­дегі жы­лы 403 млн. 38 мың теңгеге жал­пы ұзындығы 8,7 ша­қы­рым­ды құрайтын жол жөн­деу жұмыстары жүргізілу­де.

     Қазіргі кезде облыстық бюжеттен бөлінген 187 млн. 546 мың теңгеге кентің 5 көшесіне (Тәуелсіздік, М.Шоқай, Қ.Ис­май­лов, Школьная, Ш.Есе­нов) күрделі жол жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп, пайдала­нуға берілген. Бұдан өзге үш көшеге (Ж.Маханбетов, М.Мәметова, Ә.Молдағұлова) бюджеттен 184 млн. 776 мың теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кенттің қолма-қол бақылау шотынан бөлінген 30 млн. 716 мың теңгеге жалпы ұзындығы 900 метрді құрайтын 7 көшесіне де жөндеу жұмыс­тары жасалуда. Сонымен қатар, қалаға қарасты Қарауылтөбе, Қосшынырау ауыл­дық округтеріндегі кіре-беріс жолдардың орташа жол жөндеу жұмыстарына, облыс­тық бюджеттен 159 млн. 726 мың теңге бөлінген.

      Және де Белкөл кентіндегі ұзындығы 2 шақырымды құрайтын Әбдіқадыров кө­шесін жөндеу жұмыстарына 42 млн. теңге бөлінген. Бұл жұмысқа мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Енді екі қолға бір күрек ұстайтындардың да саны артқалы отыр.

     Келесі бағыт - "Сәулет" мөлтек ауданы. Тозығы жеткен жолдан шаң-тозаң көте­рі­ліп, жеңіл көліктің бауыры жер тырмалап қалады екен. Әбден зығыры шыққан жұрт шынымен де шаршаған. Жол азабын жаңбырда балшықтан, ыстықта бораған құмынан тартып, мезі болған елге расымен көмек керек. "Сәулет" мөлтек ауданының сәулеті келіскенімен жолы тас төсенішке жарымапты. Бұл жағдай қаншама жылдар­дан бері созылып келеді. Тұрғындардың бармаған жері, баспаған тауы қалмағанын білетінбіз. Әсіресе, үлкен трассаның ар жа­ғында тіршілік етіп жатқан қала тұрғын­дарының жанайқайын әлі ешкім ести қоймаған секілді. "Саяхат" шағын ауданы­на жаңбыр, қар жауған күні табаныңды ти­гізу - қияметтің қайымы. Балшыққа батқан тұрғындардың мұң-зарына құлақ түрсеңіз, түңіліп кетесіз. Бұл жолы қала әкімі ол жаққа бара қоймады, мүмкін келесі сапардың жоспарына ілініп қалар.

      Бұл ауданда жалпы саны 60 көше бар екен. 2016 жылы жол картасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 250 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 6,2 шақы­рым­ды құрайтын небәрі 10 көшеге ғана жөндеу жұмысы жасалған. Оның өзі орташа деңгейде.

     Ал, 2017 жылы қалалық бюджеттен бөлінген 33,5 млн. теңгеге жалпы ұзын­дығы 917 метрді құрайтын 3 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, бүгінде 32 көшеге жоба сметалық құжаттарын әзірлеп (жалпы жоба құны 550,3 млн. теңге), бө­лінген 275,1 млн. теңгеге 14 көшеге орташа жөндеуге, 18 көшеге тас жол төсеу жұмыс­тарын атқаруға мемлекеттік сатып алу ашық конкурсы жарияланады. "Өңір­дегі өңі кетіп тұрған көшелердің бар екенін білемін, тек уақыт өте бәрі рет-ретімен шешілетін болады" деген қала әкімінің сөзі тұрғындардың көңіліне медет болды.

     Қала әкімінің кезекті тоқтаған нысаны қала аумағынан "Нұрлы жол" бағдарламасы арқылы қайта жаңғыртылып жатқан ауыз су және кәріз су жүйелері болды. Аталмыш жүйені қайта жаңғыртудан өткізуге республикалық бюджеттен 3 млрд. 43 млн. 907 мың теңге қаржы бөлінген. Осы қаржыға қала көлемінде 27 жоба бойынша 34,4 шақырым ауыз су және 7,8 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртылады. Жоспардағы жұмыстардың бәрі дерлік жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

      Көп адамның басын ауыртып жүрген - баспана мәселесі. Қала ішіндегі құрылыс нысандарын аралап жүріп, Жаппасбай батыр көшесінің бойындағы құрылысы жүргізіліп жатқан 160 және 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс қарқынын бақылап шықтық. Жалпы көлемі 9997,4 шаршы метр болатын 160 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құны 1 млрд. 399 млн. 580 мың теңге. Мердігер - "Алтын Айдарлы" ЖШС. Қызылорда қаласында соңғы 4 жыл көлемінде жаңадан 11 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық жерлестеріміз жаңа пәтерге ие болған. Осы сандардың тізбегін жалғастырғалы тұрған жобалар әлі де жалғасын таппақ. Кезекте тұрған тұрғындардың қоныс той тойлау қуаны­шы осы қарқынды құрылыстардың же­місті аяқталуына да байланысты. Сон­дықтан сорлы жерге салынып жатқан үй кейін халықты сорлатып жүрмес үшін "үй құрылысы сапалы болсын" деп қатаң тапсырма берді қала әкімі.

      Қала әкімі Н.Нәлібаев журналистерге қаладағы атқарылып жатқан жұмыстар­дың бәрін өзі таныстырып жүрді. Ең соңғы нысан Қорқыт ата көшесін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жөнінде талқылап, айтып берді.

     - Қала бойынша ұзындығы 612 шақы­рым болатын 760-тан астам көше бар. Өңір тынысының күре тамыры және әлеу­меттік-экономикалық дамуымыз­дың негізгі тетігі де осы. Өздеріңіз куә болып тұрған қала орталығындағы Қазыбек би көшесінен Жезқазған авто­жо­лына дейінгі аралыққа созылған, Қорқыт ата көшесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 5,8 шақырымды құрайтын бұл жолды қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 1 млрд. 426 млн. теңге бөлінді,- деді Н.Нәлібаев.

     Негізінен 4 жолақты жолдың ені 14-21 метр болса, 11,7 шақырым жүргінші­лер жолымен, 4,4 шақырым болатын 156 түнгі жарық бағаналары, 19 аялдама са­лынады және екі бетіне барлық талап­тар­ға сай суағар да халықтың қажеті үшін қызмет етпек. Жолдың бастан-аяқ жұ­мысын "УАД" ЖШС өз мойнына алған. Құрылысы халықты әбігерге сал­ғанымен тамыз айының екісі күні ашыл­ған жол торабы бұдан соң жүргіншілерге ыңғайлы болады деп сенейік.

    Журналистер аралап шыққан барлық нысандар қызылордалықтардың жайлы өмірі үшін жасалынып жатқан еңбектер деп түсіндік. Әр құрылыс басшылықтың бақылауында екеніне көзіміз жетті. Сондықтан алдағы күндері Сыр бойы шырайлы қалалардың қатарынан көрініп қалуы мүмкін. Солай болғай!

Айдар САЙЛАУОВ

Оқылды: 148 рет

Сайт бойынша іздеу

Сауалнама

Күнтізбе

« Қазан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Серіктестер