Газеттің ПДФ нұсқасы

Ұстаз мәртебесін бірге көтерейік!

Бізге жазылыңыз!


Республикалық "Ұстаз мәртебесі" газетіне жазылу құны

Қазпочта арқылы 6 айға - 1680 теңге(қала үшін)

6 айға - 1800 теңге (аудандар үшін)

Редакция арқылы 6 айға - 1560 теңге

Редакцияға хат

Email:
Тақырып:
Текст:
Сейсенбі, 08 Тамыз 2017 10:45

Киіз басып, өрмек тоқу көзден бұл-бұл ұшып барады

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

   

     Аспан асты, жер үстінде төрткүл әлемді мекен еткен қаншама ұлт болса, оның ұлттық болмысын бейнелейтін соншама халықтық қолөнері болады. Ол мәңгілік мәнді де мағыналы ұрпақ жадында жасау үшін өзіндік ұлттық бояуын жоғалтпай, уақытпен бірге жаңғырып отырады. Сонда ғана осындай өркенді өнер келешекпен бірге үндесері анық.

      Біз сонау Америкадағы үндістер мен Гавай аралда­рындағы ұсақ ұлттар мен ұлыстардың қадым заманғы қолөнері қаймағы бұзылмай, тұнығы шайқалмай бүгінгі күнге жеткенін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құлағдар болып отырмыз. Оны айтасың-ау, түбі бір түркі тектес азербайжан, түркімен, өзбек, іргеміздегі қырғыз ағайындардың өзі бізбен бірге 70 жылдан астам орекеңдердің "отын жағып, күлімен кірсе де", байырғы салт-дәстүрінен, ұлттық болмысынан айныған емес. Бұл, бір жағынан, жергілікті ұлттың өз тарихына, елдік ерекшелігіне деген құрметі мен ізетінің белгісі, екінші жағынан, ұлттық ұстанымына деген халық махаббаты­ның адалдығы, тіпті мақтанышы деп қараған жөн.

 

      Осыдан 10-15 жыл бұрын байырғы тарихи-мәдени мұрамызды жаңғыртып, жаңартып, толықтырып, ұрпақ алдына қайта ұсыну үшін мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасы қабылданған болатын. Сонан бері осы саланың басы-қасында жүрген шенеуніктердің айтуына қарағанда, біршама жұмыстар жүзеге асырылу үстінде көрінеді. Тек соны ретін тауып жас ұрпаққа жеткізіп отырсақ, қане. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы жылғы "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақа­ласында өткенді пайымдау арқылы қазіргі заман мәдениетін жан-жақты дамыту қажет деп атап айтты. Осыған сәйкес жаһандануға бет бұр­ған кезеңде, бір кездері халқымызбен бірге жасап, кешеге дейін керуен тартып келген төл өнеріміздің төр­кінін ұмытпасақ болғаны да.

     Тағы да қайталап айтамыз, қолөнер - халықтың қайталанбас құдіретті тарихы, азбас-тозбас айнасы. Оны жоғалтқан талай ұлттың өзі тарих сахнасынан жойылып кеткенін арғы-бергі ғылыми еңбектер алдымызға тар­тады. Ұлттың ұлылығын төрткүл дүниеге паш ететін де атадан балаға мирас болып жеткен қолөнер бұйымдары екенін әсте естен шығармауымыз керек.

    Жақында жасы жиырманың о жақ бұ жағындағы жас жігітке өзімнің "Күбі" атты қып-қысқа жырымды оқып бергенде, ол бетіме аңырая қарап:

-    Ағасы, күбі деген не сөз?- деп таңданыспен сұрады.

     Мен онан әрі қазіргі компьютер заманы алға қарай дедектетіп, өзінің ұлттық болмысынан айырылып қалу алдында тұрған әлгі "жаңа қазаққа" күбінің мән-жайын түсіндіре бастадым.

    Шынында да, кешегі күнге дейін кереметтей сөз тіркесімізге айналған "күбі", "алаша", "тұскиіз" және бас­қа тұрмыс-тіршілігімізбен бірге қайнасып, ақ жаулықты аналарымыз, ақ сақалды аталарымызбен бірге жасасқан талай сөздік қорымыз бір күндері архаизмге айналып кетпесе де. Себебі, қазіргі жас ұрпақтың кейбірі жоғарыдағы атауларды жарытып түсіне де алмайды. Оларға жөн-жосық сілтеп жатқан біз де жоқпыз.

    Осыдан 40-50 жыл бұрын ауылда өскен біздер, әжелеріміздің ши орап, жүн сабап, киіз басқанын, жіп жүгіртіп өрмек тоқығанын қалай ұмытармыз? Қазіргі ауылда осының кейбірі бар да, кейбірі мүлдем ұмытылып барады. Қай үйге бас сұқсаң да, фабрикалық кілемдер мен паластардан көз сүрінеді. Біз көрген көненің көзіндей кешегі тұскиіз, алаша, қақпа шекпендер көзден бұл-бұл ұшып, көптің ырыс-несібесіне айналған тас диірмен­дер­дің қайда кеткені де белгісіз. Сөз жоқ, енді аз ғана жылдан соң бұлардың да тарихи-өлкетану мұражайының табалдырығынан аттап, төрінен берік орын алары сөзсіз. Ауылда сол жылдары үй бас сайын азаннан кешке дейін кәдуілгі ағаш күбінің даусы күмпілдеп естіліп жататын. Біз өзіміз де бойымыз жетпеген соң, астымызға кіш­кен­тай орындық қойып, күбі пісуге таласатынбыз. Қайран, қайғы-мұңсыз сол кездер-ай! Әсіресе, қашан май түскенше піспектен алақандарымыз ажырамай, кейде түн қараң­ғылығына дейін піспекпен бірге алысып жүріп ұйықтап қалатынбыз.

    Біз әңгімемізді халықтық қолөнерден бастағанбыз. Шынында да, халқымызбен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан осынау өрелі өнердің отын әлемдік жаһандану қарсаңында сөндіріп алмасақ игі. Қазақтың әр отбасында көненің көзіндей, ескінің сөзіндей болған кешегі қалауыш, ши тоқу, тіпті, қарсы ілгек, қоржын, сырға, білезік, жүн түтіп, ұршық иіру сияқты ұлттық тыныс-тіршілігімізге айналған аяулы өнеріміз көзімізден бір-бір ұшып бара жатқанын білеміз бе? Әйтпесе, киіз басып, сырмақ тігіп, ер жасаған көнеле­ріміздің көз майын тауысып, ұрпаққа ұсынған қолтаңбасы алтын­ның сынығындай әр жерде шашырап жүр емес пе? Барымызды бағалап, жоғымызды түгендеп, мұражай экспонаттарының қатарын толтырсақ, сонан кейін осы байырғы өнерді дамыту үшін кәсіпкерлікті қолдау аясында оны күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге қайта оралтсақ, қанекей! Ол үшін тілек білдірушілерге қаржылай көмек қолымызды ұсынып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп, көнекөз өнердің жолай ауған көшін көп болып жолға салуымыз керек.

Т.НҰРЖАН-БАЛТА

Оқылды: 189 рет Соңғы рет өзгертілді: Сейсенбі, 08 Тамыз 2017 11:01

Сайт бойынша іздеу

Сауалнама

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Серіктестер