Газеттің ПДФ нұсқасы

Ұстаз мәртебесін бірге көтерейік!

Бізге жазылыңыз!


Республикалық "Ұстаз мәртебесі" газетіне жазылу құны

Қазпочта арқылы 6 айға - 1680 теңге(қала үшін)

6 айға - 1800 теңге (аудандар үшін)

Редакция арқылы 6 айға - 1560 теңге

Редакцияға хат

Email:
Тақырып:
Текст:
Сейсенбі, 08 Тамыз 2017 10:57

Әкеге қарап ұл өсер...

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)


    Әкенің балаға қалдырған ең үлкен сыйы - өнегелі тәлім-тәрбие. Алайда, байқаусыз тентектік жасайтын жас­өс­пірімді кінәлайтын қо­ғамды әке болмысы ойландырады ма? Болатын бала бірден туыла сала данагөй болуы, іш­кен астан немесе табиғаттан пай­да болуы сирек құбылыс. Да­рындылық тектілікпен ғана даритын туа бітетін тылсым. Ал, осындай ұрпақты тәрбиелейтін бүгінгі қоғамның әкелері қандай болуы керек? Азанның шақыр­ғанын аңдамай қазанның қайнағанын аңдитын еркектерге, одан қалды әйеліне жұ­мыс жасатып өзі жөргек жуып отыратындардың бала-шағасы қандай азамат болатыны алаңдатарлық дүние. "Әке көрген оқ жонар" еркек ердің ісін қылатынын меңзеген дана бабала­ры­мыз бүгінгі ерлер әйелдің, әйелдер еркектің ісін жасап жүр­генін қайдан білсін. «Әке көрген тон пішіп» жатқан өмірде бұл заман талабы дейтіндерді сөзбен жеңу ең қиынның қиыны.

 

      Бүгінгі кезге дейінгі әдебиетте де, тарихта да қазақ ер азаматты әйелден бір саты жоғары ұстап, әкені құрметтеуге үйретті. "Отағасы" деп құрметтеген қазақ аналары да "әкеңнен рұқсат сұра" деп баласына үй басшысы әке екенін айтпай-ақ түсіндіріп отырған. Енді осы кезгі әкелер осыншама құрметке лайықты болу үшін тәрбие тұрғысында мықтылық таныту керек. Бірде Құнанбай Абайды шақырып: "Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?" деп сұрайды. Сонда Абай: "Әке, мен өте туғанмын, өйткені, мен ақын болдым" деген екен. Аз ғана ойлан­ған дана Құнанбай: "Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек" деп жауап қат­қан. Ал, Абайдай бала тәрбиелегісі келетін азаматтар "Тәр­бие саласында нендей дүниелерге баса назар аударуы керек?" деп әке тәрбиесіне ой шолу жасап шықтым.

      Ең бірінші әрбір әке өз ұлын ұлтжандылыққа үйрете отырып, ер мінезін баласына дарыта білуге тырысуы қажет. Содан соң ата-анасын сыйлай білген баладан ме­йі­рім­ділік пен ілтипаттылықтың лебі есіп тұрмақ. Елжанды бала тәр­биелеуде әкенің рөлі басым. Отан отбасыдан басталатынын сезінген шаңырақ оңай шайқала қоймас.

      Сосын еңбек етудегі адалдық. Ел ішінде жүрген мынадай бір әңгіме бар. Көп халық бұл мысалдан құлақ қағыс болуы да мүмкін. Тек содан сабақ ала алса игі. Ме­йірімге малданып, еркелікке бой алдыра бастаған баласының болашағына алаңдаған әке оны жанына шақырып алып: "Балам, бү­гіннен бастап саған бір тиын бақыр бермеуге бел будым. Маған өз маңдай теріңмен тапқан табысыңды алып келетін бол. Әйтпе­ген­де, шара қолданамын" деп тап­сырма береді. Ақ саусақ бала ары жүріп, бері жүріп, мардымды жұмыс таба алмай шарадай басы шақшадай болып, анасынан қолғабыс сұрайды. Анасы болса жасырып, азын-аулақ алтын тиын бе­ріп, әкесіне табыстауға кеңес береді. Баланың қуаныштан тө­бесі көкке жетіп, әкесіне келеді. Әкесі ақшаны алады да, жанып тұрған отқа тастай салады. "Жоқ, сен мұны өз еңбегіңмен тапқан жоқсың!" деп қабағын шытты. Бала шімірікпестен жөніне кете барады. Келесі жолы жары мен баласының қарым-қатынасына алаңдаған анасы тағы да жанашырлық танытып тиын береді. Әкесі оны да бүлк етпестен отқа тастай салады. Бала бұл жолы да теріс бұрылып кетіп қалады. Арада біраз уақыт өтеді, баласының бейғамдығына әкенің қаһары ояна бастайды, өзінің қалтасында қаражаты таусылып, әбігерге түсе бастаған бала ақыры қара жұмыс болса да істеуге бел байлап, көрші ауылға кетеді. Бірнеше күннен кейін алғашқы табысын алып, кеудесіне қуанышы сый­май әкесіне келеді. Әке тағы да ақшаны алып отқа тастай салады. Сонда ғана бала шыдай алмай оттағы ақшаны өз қолымен суырып алады. Әкесі жымиып: "Е, балам! Міне, сен мұны өзіңнің адал еңбегіңмен таптың!" деп басынан сипаған екен". Тәр­биенің ауыз әдебиетіндегі кіші­гірім үлгілерінің бірі осы. Әке тапқырлығы хақындағы хиқаяттар ел ішінде жетіп артылады. Тек содан қазақ әкелері қорытынды шығара білсе нұр үстіне нұр болмақ.

      Осы тұста қаталдық та қажет екені көрінеді. Жұмсақ мінез, әри­не, жақсы қасиет. Алайда, ба­ланың жаман іс-әрекетіне көз жұма қарау да қателік болады. Ба­ланы әдепсіз әрекеттен тыймау - жұмсақтық пен даналыққа жат. Сондықтан қажет сәттерде қа­тал­дық танытып, жанұяңыздағы тәр­биелік тыйымдардың бұзы­­­луы­на жол бермеген ләзім. Жұм­сақ­тықпен қатар, қаталдықтың ба­ла мінезін қалыптастырудағы рөлі өте зор. Шиелілік жас ақын өз өлеңінде "Өмірден таяқ жемеуім үшін, таяқтаған екенсің мені" деп жырлап еді. Әкесіне разылы­ғы көрінген өлеңде әкесін мо­йын­дамайтындар қызмінезді болып жүргенін де жасырмай айт­қан.

     Дегенмен де кейбір психолог мамандар "бала тәрбиесіне қаталдық керек емес" деп жатады. Ы.Алтынсариннің "Бақша ағаштары" әңгімесінде де "Бұтақты қа­лай қарай бұрсаң солай өседі" де­гені де бар. Күтіліп бапталған ағаш  жеміс беретінін мысал еткен. Бірақ, Ыбырай атамыз ағаш­тың қураған бөлігі балталанатынын ұмытса керек. Со­ның өзінде де қазақтың бас педагогы үл­гілі әке үлгісін әдемі жасап шық­қан. Сондықтан оның пі­­кірімен санаспауға да болмайды.

      Сонымен қатар балаға сабырлықты үйрету - әке шеберлігінің шыңы. Баламен қарым-қатынас­та үнемі ашуды тәсіл етіп қолданудан сақ болған жөн. Әсіресе, жүйкесі тез сыр беретін және ашушаң әкелерге құлаққағыс. Сонымен бірге, ашу үстінде баланы ұру дегенді мүлдем ұмыту керек. Төмпештеудің де өз жөні бар. Өйткені, бұл балаға тәрбие беруден гөрі ата-ананың өз ашуын алуға жақынырақ жайт. Баланың "қылмысы" қаншалықты болса да, ашуды басып, өз қалпыңызға келген соң, баламен отырып сөйлесу әлдеқайда нәтижелі және пайдалы. Әрбір әке жүйелі түрде бала тәрбиесіне бас ауыртар болса апайтөс жігіттер көбейер еді.

       Бала болмысының қалыпта­суы әке-шешесінің тек сыртқы қи­мыл-әрекетімен шектелмейді. Бала біз ойлағаннан да ішкі дүние­мізге терең бойлап тәрбие алады. Әдетте, әке отбасында емін-еркін ешбір қысылмай шынайы болмысын көрсетеді. Балаға да сол керек. Ол әкенің әрбір сөзі мен қимылын қадағалап отырады. Тіпті, жүріс-тұрыс үлгісін де ай­на-қатесіз қайталайды. Бала үшін әкенің әрекетінде елеусіз және ұсақ  дүние деген нәрсе жоқ. Сондықтан баланы жаман сөзден тыймас бұрын, өзіңіз тыйылыңыз. Баланы жаман әдеті үшін жазаламас бұрын, қате­лік­тің себебін өзіңізден іздеп көріңіз. Ал, баланы жазалау еш­қайда қашпайды. Тәрбие­леу­­ді таяқ деп түсінетіндерге айтпағымыз осы.

       Күнделікті көріп жүрген өмірден түйгеніміз бұл. Оның үстіне әке мен бала арасындағы байланыс бұрынғыдай емес, азайған. Кеш қарайғанға дейін жұмыста болатын әке балаға қарауға мұршасы болмайды да. Бабаларымыз секілді ат бап­тау­ды, қамшы өруді, аң аулау қыр-сырын үйрететіндер бү­гінгі өмірде некен-саяқ. Жақсы әкенің ақылы жаман балаға жүз жыл азық. Бірақ, баласына тал емес, мал қалдырғысы ке­летіндер, қу тіршіліктің соңынан қуып жүріп ұрпақ тәр­биесінің маңыздылығын естен шығарып алмаса игі.

Айдар САЙЛАУОВ

Оқылды: 218 рет

Сайт бойынша іздеу

Сауалнама

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Серіктестер