Газеттің ПДФ нұсқасы

Ұстаз мәртебесін бірге көтерейік!

Бізге жазылыңыз!


Республикалық "Ұстаз мәртебесі" газетіне жазылу құны

Қазпочта арқылы 6 айға - 1680 теңге(қала үшін)

6 айға - 1800 теңге (аудандар үшін)

Редакция арқылы 6 айға - 1560 теңге

Редакцияға хат

Email:
Тақырып:
Текст:
Сейсенбі, 08 Тамыз 2017 12:00

Батыс пен Шығысты тоғыстырған көпір

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

    Жер-жаһанды мекен еткен әрбір ұлт, әрбір мемлекет өркениеттің қалыптасып, жетілуіне ерекше із қалдырады. Өзіндік мәдениет, ерекше ұстаным жұмыр жерде тіршілік ететін әлем елдерін бір арнаға тоғыстырады. "Алуан түрлі әлем" айдары өткен аптада Батыс Азия мемлекеттерін Оман сұлтанатынан бастаса, бұл жолы өзіндік өрнегі мен ерекше мәдениеті бар арабтардың мекені Иорданияға аялдайды. Батыста Израильмен, солтүстікте Сириямен, шығыста Ирак, Сауд Арабиясымен қабысып жатқан шағын мемлекет. Шартарапқа белгілі Өлі теңіз, Петра қалашығы, Қызыл теңіз бұл елдің басты байлықтары саналады. Бұрынғы бәдәуилердің тіршілігін жалғаған арабтар тұратын елдің тұмар етер ұстанымдары мен ерекшеліктеріне тоқталмақпыз.

 

    Иорданияны король басқарады. Толық атауы - Иордания Хо­ши­мит корольдігі. Тарихы тым тереңнен тамыр тартады. Тарихшылардың айтуына қарағанда, Иордания жерінде ерте кездегі семит тайпалары қоныс тепкен. Б.з.б. 3-2-мыңжылдықтарда семит тайпалары финикиялықтардың, хеттардың шапқыншылығына ұшырап, б.з.б. 1-мыңжылдықта алдымен Израиль, кейін Иудея патшалықтарының құрамына кіреді. Кейіннен араб мемлекеті Набатей пат­ша­­лығының орталығы болады. Уақыт өте келе, патшалықты римдіктер жаулап алады. Мұнан кейін ел Араб халифатының құрамына енеді. Дәл осы тұста араб тілі мен ислам діні орнығады. Ал, 15-17 ға­сырларда жергілікті халық крестшілер, салжұқтар, Мысыр мәмлүк­терінің шапқыншылығына ұшырап, Осман империясы қол астына өтеді. Жалпы Иордания халқы көптеген елдерден теперіш көріп, қысымға ұшырайды. Кейін­нен Хашими әулетінен шыққандар Трансиордания әмірлігін құ­рады. Алайда, елдегі бірнеше соғыстардан кейін бұл ел Ұлыбританияның әскери базасына айналады. 1946 жылдан бастап Ұлыбритания билігі тәуелсіз мемлекет деп танып, 25 мамыр айында ел Иордания деген жаңа атауға ие болып, таққа Абдоллах отырып, король атанады. Иорданияның тарихын терең қазсақ, көптеген деректерді көзің шалады.

    Иорданияның халқы байлықтан асып-тасып отыр дей алмаймыз. Ел қазынасына қыруар қаржы түсірер табиғи байлыққа да аса бай емес, экономикалық құрылымы да көп елдерден кейін тұрады. Алайда, сырттан көмек сұрап, несиеге қаржы тартып елді сақтап қалуда. Сауд Арабиясы, АҚШ, Германия сынды алпауыт елдердің көмегіне мұқтаж. Десе де, елдің тұрғындары қол қусырып қарап тұрған жоқ. Тұралап қалған экономикаға қан жүгіріп, бас көтеріп келеді. Өнер­кәсіп саласында да тау-кен өнді­рісі, цемент, мұнай өңдеу бағы­тын­да алға ілгерілеушілік байқалады. Біздегідей ауыл шаруашылығы саласынан көл-көсір өнім алмайды. Ұлттық табыстың тек 10 пайызын құрайды. 1965 жылға дейін Иорданияның ашық теңізге шығу­ға мүмкіндігі болмайды. Тек корольдің араласуымен мәселе оң шешімін табады. Билік басында отырған Абдулла ІІ 6000 шаршы шақырым жерді Сауд Арабиясындағы 12 шақырымдай жағажайға ауыстырып, ашық теңізге жол ашады. Алайда, Сауд Арабиясы иелі­гіне өткен жерден мұнай табылады. Король демекші, елге бас сұға қалсаңыз, қаланы аралап жүріп корольдің бейнесі бейнеленген порт­рет суреттерді аңғару қиын емес. Бұл билік тізгінін ұстап отырған корольге деген құрметті аңғартады.

    Иордания - Батыс пен Шығысты тоғыстырған көпір. Халқының дені - арабтар. Екеуара қолданыста араб, ағылшын тілдері қатар қолданылады. Тұрғындары қонақжай болып келеді. Алыстан келген аға­йынға барын тосып, жылы қарсы алады. Ұлттық тағамдары мен ұлт­тық байлықтарын сөз ете отырып, корольдіктің тарихынан сыр шертеді. Сырттан келген мейманға ұлт­тық та­ғамдары фалафель, хобз, шварма, фуул, мансафтан дәм татқызбай жібермейді. Мұны елге сая­хат құр­ған туристердің жазбасынан айқын аңғаруға болады. Иорданияның тамақтану орындарында ер мен әйел адамдар бөлек тамақтанады. Сондай-ақ, базар жағалап, өнімін сау­далайтындардың қатарында әйел­дерді кездестіру қиын. Бұл елде әйелдер көзге көп түсе бер­мей­ді. Үйленіп, балалы болған әйел­дер мұғалім не балалар дәріге­рі қызметін құп көреді. Қалған жұ­мыстарды ер азаматтар атқарады. Иорданияда еркіндік бар. Әйелдер хиджаб киюге міндетті емес, десе де келіншектердің дені қымтанып жүргенді қалайды. Бұл мұсылман елі­не тән дүние деп санайды.

    Иорданияда көпнекелікке жол берілген. Отбасында 6-14 балаға дейін рұқсат береді. 18-26 жасқа де­йін қыз бала тұрмысқа шығып үлгеруі керек. Қалып қойса, отбасылық өмірдің бақытын сезіне алмайды. Бұл арабтардың ұстанымы. Ал, ер азаматтар үйлену тойына дейін өз еңбегімен 50000 динар табуы тиіс. 1 динар біздің теңгеге шақ­қанда 489 теңге шамасында. Мұнда сезі­мін білдірген азамат бір мезетте отау құрады. Бірін-бірі танып, үй­ре­нісу дегенге уақыт жібермейді. Көңіл білдірген жұптар неке­лесуге бел байлайды. Мұнда ажырасу анау айтқандай көп емес. Дәм-тұзы жараспай қалса, ер не әйелінің бірі барлық үйді, тіпті ортадағы баласын тастап, өз жолымен кете ба­рады.

    Иордания - қымбат ел. Мұнда тұру­ға бел байлаған азаматтар қара жер алу үшін 2 миллион долларға 10 сотық жер алып үй салады. Отба­сын асырауға сырттан келетін жұ­мысшылар аса көп емес. Әйткенмен қызық көруге келген туристер бұл елден артынып-тартынып қайтады. Араб үлгісіндегі үй тұрмысына қажетті заттар, ыдыс-аяқтарға сұ­­раныс жоғары. Жұма күні - иорданиялықтар үшін демалыс. Десе де, түрлі дүкендер мен халыққа қызмет ететін көпшілік орындар күн-түн демей қызмет ете береді.

     Иорданиялықтар қар жауғанды асыға күтеді. Маусымдық салқындық кезде қар жауса ел халықтары қуа­нып, сол күні жұмыс жасамай ме­реке қылады. Соңғы рет 2012 жы­лы Петра қаласында қар жауған деседі.

     Иордания Батыс Азиядағы ең тыныш, әрі қауіпсіз ел ретінде бел­гілі. Қылмыс әлемінде деректері аз тіркелген. Егер отбасында бір адамның сұғанағы болса, оның отбасын "ұрлықшы" деп қабылдап, елдің ал­­­дына шығарады. Сондықтан әу­лет­ке қара күйе жақпас үшін иор­дан­­дықтар әр қадамын аңдап басады.

    Иорданияда Түркия секілді сары түсті таксилерде жүреді. Ел ас­танасы Амман да ғана таксилер арнайы таксометрді қосып жүреді. Қалған қалаларда келісім негізінде баратын жеріңізге аялдайсыз. Түн жарымында таксометрді қосу міндеттелмейді. Тиісінше бару құ­ны екі еселенеді. Сондай-ақ, жырақтан келетін туристер үшін жал­ға арнайы көліктер беріледі. Ол үшін жүргізуші куәлігі мен 150-500 доллар көлемінде ақша қалдырасыз. Жалға алынған көліктер жасыл түсті болып ерекшеленеді. Иорданияда жол белгілері ағылшын, араб тілдерінде жазылады.

     Иордания Корольдігі тарихқа бай, бірақ туристік ел саналмайды. 6 мың жылға жуық тарихты қамтыған ежелгі бәдәуилердің мекен етер жері көпке осылай таныс.

А.ҚАРАКЕСЕК

 

Оқылды: 117 рет

Сайт бойынша іздеу

Сауалнама

Күнтізбе

« Қазан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Серіктестер