Menu


7000-НАН АСА БАЛАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТІЛМЕК

  • | Автор:  
Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.
7000-НАН АСА БАЛАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТІЛМЕК

 

  2019 жылдың 3 шілде мен 30 қыркүйек аралығында оқушылардың мектепке толық баруын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған жыл сайынғы өткізілетін "Мектепке жол" респу­бликалық акциясы жа­рия­ланды.

  "Мектепке жол" жалпы республикалық қайырымдылық акциясы жұмыстары көптеген мектептерде басталып кетті. Акция аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушылар­ға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін материалдық және басқа да көмек көрсетуге бағытталған.

  Акцияны өткізудегі мақсат - аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылы­на дайындық кезеңiнде және әлеуметтiк себептермен мектептен қалып қоятын балаларға көмек көрсету.

  - Акция басталған күннен бастап, айлық жоспар құрылып, демеушілер мен кәсіпкерлерді тарту мақсатында ақпараттық парақшалар дайындалды. Акция мақсатын алға тарта отырып, мектеп оқушыларының әлеуметтік жағдайларын зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу барысында жетім бала, аз қамтылған отбасы балалары, сонымен бірге көп балалы және толық емес отбасы балаларын тізімге ала отырып, ондағы күн көрісі төмен әрі көмекке мұқтаж отбасы балаларын акция төңірегінде көмек беру көзделді,- дейді Қызылорда қалалық білім бөлімінің әдіскері Гаухар Қожахметова.

  Қайырымдылық - ізгіліктің бір көрінісі. Жақсылық жасаушының жолы ашық демекші, "Мектепке жол" акциясы біршама мекемелерге, атап айтар бол­сақ, мұнай компанияларына, ірі және орта кәсіпкерлерге демеушілік жасау мақсатында ұсыныл­ған. Сондай-ақ, акцияға қаламыздағы іскер азаматтар мен жеке кәсіпкерлер, қайырымдылық жасаймын деген барлық азаматтар қатыса алады. Республикалық "Мектепке жол" акциясы бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып, біраз отбасыларға көмек көрсетіліп келеді. Еске сала кетсек, 2018 жылдың тамыз айында акцияны өткізу нәтижесінде 58620 балаға материалдық көмек көрсетілді. Қаламыздағы барлық мектептер жыл бойы қамқорлық пен қай­ырымдылыққа толы болғандығы көңілге мейірім ұялатып, демеушілермен жұмыс жасап, олармен тығыз байланыста екенін аңғаруға болады.

  Қатарынан қалмай, достарымен бірге жаңа оқу жылында, жаңа мектеп формасымен бару - әрбір баланың ғана емес, ата-ананың да қуанышы, арманы. Осы жағдайды ескере отырып, қаладағы білім ошақтары айналамыздағы аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге әрдайым дайын екендерін байқатады.

  Қазіргі таңда қала бойынша 54 мектепте 58620 оқушы білім алады. Оның 5890-ы аз қамтылған отбасынан шыққан балалар болса, 425 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала, 495 үйден оқытылатын мүмкіндігі шектеулі оқушы, 11167 көпбалалы отбасы балалары, 7893 толық емес отбасының балалары және 623 өгей әке-шешемен тұратын балалар білім алуда.

  Қайырымдылық акциясы аясында жеке кәсіпкерлерге, ірі компанияларға, қалалық мәслихатқа, ауылдық округ әкімдерін, банктер мен мектеп түлектерін игі іс-шараларға қатысуға шақырып, демеушілік жасауға жұмыстар жүргізілді. Нәтиже­сінде барлық мектептер бойынша 7000-нан аса балаға 120 млн. теңге көлемінде қамқорлық көрсетіледі деп күтілуде, оның ішінде  жалпыға міндетті оқу қоры есебінен 5890 балаға 102 млн. теңге қаржыға қыстық киімдер мен аяқ киімдер алып беріледі деп жоспарлануда.

  Қаламызда жаңа мөлтек аудандардың және жеке тұрғын үйлердің бой көтеруімен білім беру ұйымдарына шекарасы нақты бекітілген аумақтар қайта бөлініп, аталған аумақтар бойынша бала дүниеге келгеннен 18 жас аралығындағы балалардың тізімдері қайта жасақталуда. Бұл орайда, мектепке бармай жүрген балаларды анықтау мақсатында пәтерлерді, шаруа қожалықтарын аралап, рейдтік шаралар жүргізілу қолға алынған.

   Қаланың аумағында мектеп формасы мен құрал-жабдықтарының жылжымалы жәрмеңкелері, "Балаға мейірім сыйла!", "Бар жақсылық балаларға", "Балаларды мектепке дайындаймыз" атты қайырымдылық акциялары ұйымдастырылатын болады.

Айдос МЫРЗАЛЫ

Жоғарыға

Байланыс мәліметі:

Қызылорда қаласы, З.Шүкіров көшесі, 62

Телефон: 8(7242)20-16-19

Е-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.