Газеттің ПДФ нұсқасы

Ұстаз мәртебесін бірге көтерейік!

Бізге жазылыңыз!


Республикалық "Ұстаз мәртебесі" газетіне жазылу құны

Қазпочта арқылы 6 айға - 1680 теңге(қала үшін)

6 айға - 1800 теңге (аудандар үшін)

Редакция арқылы 6 айға - 1560 теңге

Редакцияға хат

Email:
Тақырып:
Текст:
Бейсенбі, 12 Қазан 2017 09:38

Қазақ күресі – ұлттық намыстың жалаугері

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

        "Отан үшін күресім, елге ти­гізген үлесім" деп білетін белдесудің хас шеберлері Қазақстанда жыл сайын анықталады. Жауырыны жерге тимеген, күрзідей салмақты сайып­қырандарға нағыз саңлақ атау­лар беріліп, абыройларын ас­қақтатады. Не дегенмен де ел на­мысын қорғайтын ер халық үшін қаһарман болып қала беретіні хақ.

    Сом денелі, иықты, жауырынды жампоздардың жандарына серік қылған қазақ күресінде бірнеше теңеулік атаулар бар. Шеберліктеріне қарай "Сыр сұңқары", "Түйе балуан", "Қазақстан барысы" деп абырой еншілеген, атақтары жер жа­ратын балуандар да жетер­лік. Бұл жаңа қоғамда жаңа леп алып келе жатқан ұлттық ойынның жүйеленген көрінісі. Бірізділікке түскен ойын шарт­тары мен қыруар бәс тігілетін ойынға шетел балуандары да көз тігіп отыр. Құлан қай жерде қансыраса, қарға да сол тө­беден бой көрсететіні секілді, бас бәйгесі қомақты болғалы бері ұлттық спортты ауыздарынан тастамайтындар көбейді. "Ұлт болашағы - ұлттық спорт" деп теңгесін аямайтын мемлекетке мұндай құрбандық керек те шығар. Бірақ, бір күні де­меу­шілік тоқтаған кезде ұлт­тық ойынның маңайына топтас­қандар онан ат тондарын ала қашпаса игі.

    Бүгінді жете білу үшін өт­кенге көз жүгіртіп тұрған да жөн. Қазақ халқының өмір сүру салты көшпенді тұрмысқа бе­йім­делгендіктен, күнделікті іс-қимылдарының бәрі дерлік күреске толы. Тарихқа көз жү­гіртсек, көшпенді тайпалардың түп атасы сақ, ғұн, түркілер дә­­уірінде садақ атудан, ат үс­тінде найзаласудан тағы басқа дәстүрлі сайыстар өтетіні жайлы нақты деректер бар. Мысалы, Қытайдың осы заманғы ар­хе­ологтары біздің жыл санауымыздан бұрын Хан патшалығы дәуірінде тұрғызылған, Шинан қаласы маңындағы ежелгі түр­кі­лердің қонысын қазып, обаны ашқанда зираттың ішінен екі мыс табақша табылыпты. Та­бақ­шалардың бетінде екі адам бір-бірімен қойын-қолтық ұстасып, күресіп жатқан сипаты ашық бейнеленген екен. Қытай ғалымдары бұл балуандарды түріктердің арғы тегі саналатын ғұндар деп ұйғарған. Демек, бұл заттар - күрес шежіресінің тым тереңде екенінің айғағы.

    Қазақ күресінде шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың ба­сы­­мен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қы­сып, тірсектен шалу сияқты әдіс­тердің бәрін де қолдануға болады. Ойынның ережесі бо­йынша жатып күресуге болмайды. Қи­мыл үстінде адамға зақым кел­тіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға тыйым салынған. Кү­рес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге ти­гізі­луімен аяқталады. Адамның еп­тілігі мен жылдамдығы, шы­мыр­лығы мен ой жүйріктігі басым балуандар жеңіске жетеді. Бұл күні балуандар тек алпауыт алпамсадай азаматтар ғана емес, орта салмақты, арықша келген азаматтар да бола алады. Себебі мұнда ең бастысы сенің жігерің мен ұмтылысың басты назарға алынады.

  Қазақ елінің тамырлы тарихында жауырыны жерге тимеген батыр бабаларымыз бар. Ат­тың құлағында ойнап, батылдығымен көзге түсіп, ел есінде өш­пес із қалдырған апайтөстер жетерлік. Махамбеттей ер тұлғалы батырлар, ат үсті ойынының түрлі тәсілдерін меңгерген Балуан Шолақ сынды мықтылар, қазақ елін әлемге танытқан, күш өнерін көрсеткен спортшы Қажы­мұқандай қазақ күресіне қажырлы қызмет қылған аза­мат­тар халық жадынан мәңгі өшпейді.

    "Ұлттық" сөзінің жанданып, өресі өріс алғаны азаттықтың ақ таңы атқаннан соң басталғаны ақиқат. Қазақ күресі сол лекпен ілгерілеп дамып, өміршеңдігін көрсетті. Осы тұста "Қазақша күрес" федерациясын құрып, көп­­теген ғылыми еңбектер жазып, тұңғыш төраға болған Ер­ғали Мұхитдиновтың еңбегін ескерген жөн. Алғаш рет 1990 жылдары атақты балуан Әбіл­сейіт Айханов өзі бас болып қа­зақша күрес ережесін жазып, ол ереже 1990-1995 жылдарға дейін қолданыста болған еді. Содан соң, күрес ережесін жетілдіріп, қазіргі балуандар киіп жүрген күрес киімінің негізін жасаған - Елемес Әлімханов. Бұл кісінің де қазақ күресіне сіңірген еңбегі ора­сан. 2002 жылдардан бастап осы күрестің қыр-сырын білетін Бауыржан Жаналин, Марат Жақитов, Диқанбай Биткөзов сияқты мамандар қазір қолданыста жүрген ережені дүниеге әкел­ді. 2004 жылы Берлин қаласында өткен Дүниежүзі қазақта­рының кіші құрылтайында "Қа­зақ күресі" бойынша халықаралық федерация құрылып, оның басшысы болып Серік Төкеев тағайындалды.

    Ұлттық күресімізді дамыту ар­қылы бұқараның көптеп спорт­пен шұғылдануына, дені сау, рухы күшті болуына ықпал жасау. Болашақтағы қазақ кү­ре­сінің танымалдығын арттырып, мәртебесін жоғарылатуда спорт мектептері мен жекелей қазақ күресі үйірмелерінің жаттығу сабақтарын жүргізу, болашақ балуандарды дайындаудың ауылдық, облыстық жарыстарды ұйымдастырудың маңызы ешқашан төмендемейді. Алға қойылған мақсат жүйелі жоспарлардың арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.

   Соңғы рет "Барыс аренада" өткізілген "Қазақстан барысында" қызылордалық Еламан Ер­ға­лиев жеңіске жеткен болатын. 34 үміткердің ішінен топ жарып шыққан Сырдың саңлағы жеңіс шыңында атой салып, Қазақстан барысы атанып отыр. Қазақ күресінің Қызылорда өңірінде қаншалықты деңгейде дамығаны Еламанның жеңісінен көрінді. Рухани байлығымыз кедейленбей, жеңісті жолымыз жалғаса беруінің кепілі де спортшылардың айқасқа толы аламаны. Өмір күресінде қазақ күресінің алтын асық еншілейтініне біздің де күмәніміз жоқ.

Айдар САЙЛАУОВ

Оқылды: 19 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « АСЫҚ МЕРГЕНДІКТІ МЕҢГЕРТЕДІ

Сайт бойынша іздеу

Сауалнама

Күнтізбе

« Қазан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Серіктестер